Алматылық "Қайраттың" шабуылшысы Дастан Сәтпаев команданың Түркиядағы оқу-жаттығу жиынына қатыспайды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Клубтың мәліметінше, бұл шешім медициналық көрсеткіштерге байланысты қабылданған. Жақын уақытта спортшы емін Қатарда жалғастырады: ол жақта мамандардың бақылауымен қалпына келу курсынан өтіп жатыр.
Айта кетейік, емдеу шаралары аяқталғаннан кейін Сәтпаев "Қайратқа" Алматыда қосылады.
Бұл маусымда Дастан Сәтпаев алматылықтардың шабуыл шебіндегі негізгі ойыншылардың бірі саналады.
Еске салайық, Дастан Сәтпаев - "Қайрат" пен Қазақстан құрамасының 17 жастағы шабуылшысы, оның Лондонның "Челси" клубына ауысуы туралы былтыр басында белгілі болған еді.
Осы маусымда Дастан Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде гол соққан алғашқы қазақстандық атанды әрі ұлттық құраманың тарихындағы ең жас гол соққан футболшы болды.
Бұған дейін алматылық "Қайраттың" және Қазақстан футбол құрамасының 17 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтпаев әлемдегі ең басты таланттардың тізіміне енгені хабарланған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!