Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан түбегейлі бас тартып жатыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Президенттің сөзінше, жаңа Конституция жобасына енген нормалар Қазақстанның саяси жүйесінің даму қисыны мен бірізділігін бекітеді. Ол, ең алдымен, "Күшті Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет" тұжырымдамасына негізделеді.
"Кейінгі жылдардағы саяси реформаларға кеңінен қарасақ, Қазақстан суперпрезиденттік билік формасынан түбегейлі бас тартып, беделді әрі ықпалды Парламенті бар президенттік республика үлгісіне көшкеніне көз жеткізуге болады. Ұсынылып отырған өзгерістер - осы үдерістің заңды жалғасы", - деді Тоқаев.
Кейінгі жылдардағы саяси жаңғыртулар, соның ішінде 2022 жылғы конституциялық реформа мемлекетіміздің конституциялық негізін толық қайта құру қажет екенін көрсетеді.
"Шын мәнінде, бұл - мемлекетті басқарудың жаңа жүйесін қалыптастыру деген сөз. Ұсынылған түзетулер билік құзыреттерін қайта бөлуге, тежемелік және тепе-теңдік жүйесіндегі теңгерімді күшейтуге, ең бастысы, барлық саяси институттардың тиімділігі мен орнықтылығын жақсартуға мүмкіндік береді", - деді Тоқаев.
Жаңа Конституция жобасында "адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін" қағидаты айқындала түсті. Біз 2019 жылдан бері дәйекті түрде осы жолмен жүріп келеміз".
Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Іс-шара барысында Премьер-Министр Олжас Бектеновтің, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің, Премьер-Министрдің орынбасары - жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің, сондай-ақ бірнеше өңір әкімдерінің баяндамалары тыңдалады деп күтіледі.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!