Бүгін Қазақстанда қаңтардағы ҰБТ басталды, ол 10 ақпанға дейін жалғасады. Толық мәліметті Ғылым және жоғары білім министрлігі айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ҰБТ-ға қатысу үшін шамамен 187 мың адам өтініш берген, бұл былтырмен салыстырғанда 20 мыңға көп. Олардың 75,2 пайызы тестілеуді қазақ тілінде, 24,6 пайызы орыс тілінде тапсыруды таңдаған, ал 189 адам ағылшын тілін таңдаған.
Өтініш беру кезінде талапкерлер тестілеудің күні, уақыты және тапсыратын пунктін өздері таңдады.
Министрліктің мәліметінше, бейіндік пәндер комбинациясы ішінде ең жиі таңдалғаны – "Математика–Физика" (19,2%). Бұл – болашақ мұғалімдер, инженерлер, механиктер, техниктер мен технологтар, энергетиктер, құрылысшылар. Одан кейін "Биология–Химия" (16,9%) және "Шығармашылық емтихан" (9,7%) комбинациялары тұр. Бұлар сәйкесінше – болашақ медицина мамандары мен шығармашылық сала өкілдері.
ҰБТ кезінде тестілеу бағдарламасында калькулятор, Менделеев кестесі және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болады. Апелляцияға өтінішті талапкерлер тест аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде бере алады. Апелляцияға өтініш берген тестіленушінің сертификаты апелляциялық комиссия шешім қабылдағаннан кейін жеке кабинетте қолжетімді болады.
Министрлік 2026 жылы тестілеу форматы өзгермейтінін хабарлады. Талапкерлер бұрынғыдай үш міндетті пәнді және таңдауы бойынша екі бейіндік пәнді тапсырады. Тапсырмалар саны өзгермейді – барлығы 120 тапсырма. Оның ішінде "Қазақстан тарихы" пәнінен 20 тапсырма, "Оқу сауаттылығы" мен "Математикалық сауаттылықтан" 10 тапсырмадан, әрі екі бейіндік пәннің әрқайсысынан 40 тапсырмадан беріледі. ҰБТ бойынша ең жоғары мүмкін нәтиже бұрынғыша – 140 балл.
Тестілеуге 4 сағат (240 минут) уақыт бөлінеді. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша 40 минут уақыт сақталады.
Қаңтардағы ҰБТ-ға кімдер қатысады?
- Күндізгі бөлімде ақылы негізде шартты түрде ЖОО-ға қабылданғандар;
- ЖОО-да оқып жүргендер;
- ақылы негізде шығармашылық топтағы білім беру бағдарламаларынан басқа бағыттарға ауысқысы келетіндер;
- ақылы негізде педагогикалық бағыттарға ауысқысы келетіндер;
- бұрынғы жылдардағы мектеп және колледж түлектері;
- Қазақстан азаматы емес қазақ ұлтының өкілдері;
- шетелде оқыған Қазақстан азаматтары;
- ақылы негізде ЖОО-ға түсу үшін мектептердің бітіруші сынып оқушылары (өз қалауы бойынша).
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!