Бірнеше ай бұрын "Элиталық эскорт" желісі бойынша айыпталған блогер Айка колониядан босап шыққан еді. Сот оған кішкентай баласының болуына байланысты жазаны өтеуді екі жылға кейінге шегерген. Tengrinews.kz ІІМ мен заңгерден Айканың бостандықта қалу мүмкіндін сұрап білді.
ІІМ не дейді?
Бұған дейін Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Tengrinews.kz редакциясына Айканың тосыннан бостандыққа шығуына қатысты пікір білдірген еді. Оның айтуынша, кейінге шегеру мерзімі аяқталған соң "жаза жалғасады".
"Ол тағайындалған 6,5 жылдық жазаның тек бір жылын өтеді. Біз пробациялық бақылау орнаттық. Сот белгілеген кейінге шегеру мерзімі аяқталғаннан кейін (екі жыл – еск.) жаза өтеу жалғасады", – деген еді министр.
Алайда редакцияның ресми сауалына берген жауабында ІІМ бұл мәселеде бірқатар жайтты нақтылады.
"Кейінге шегеру мерзімі аяқталғаннан кейін жазаның түрін өзгерту сот органдарының құзыретіне жатады. Осы мерзім аяқталған соң сот оның мінез-құлқы мен белгіленген талаптарды сақтауын ескере отырып, үкімді әрі қарай орындау туралы шешім қабылдайды", – деп хабарлады ІІМ.
Қазір әйел пробациялық бақылауда.
"Кейінге шегеру кезеңінде сотталған адам пробациялық бақылауда болады және сот белгілеген талаптарды сақтауға міндетті. Егер бұл талаптар бұзылса, пробация қызметі сотқа кейінге шегеруді жою туралы ұсыныс енгізуге құқылы", – делінген редакция сауалына берілген жауапта.
Осылайша, шарттар бұзылған жағдайда пробация қызметі сотқа кейінге шегеруді алып тастау туралы ұсыныс жасай алады.
"Кейінге шегеру колонияға автомат түрде қайтару емес": адвокат пікірі
Адвокат Абзал Қасымжановтың айтуынша, кейінге шегеру мерзімінің аяқталуы сотталған адамның колонияға автомат түрде қайтарылатынын білдірмейді. Оның сөзінше, бұл гуманистік норманың мәні – баланың мүддесі үшін адамға қоғамға бейімделуге мүмкіндік беру.
"Егер сотталған адам сот жүктеген барлық талапты орындап, тәртібі жақсы болса, сот оны жазаның қалған бөлігін өтеуден толық босатуы немесе жазаны неғұрлым жеңіл түріне ауыстыруы мүмкін", – деді адвокат.
Қасымжановтың сөзінше, соттар тәжірибеде мұндай мүмкіндікті қоғамға айтарлықтай қауіп төндірмейді деп есептелетін адамдарға береді.
"Кейінге шегерудің негізгі функциясы – әлеуметтік, атап айтқанда бала мен отбасын қорғау. Сондықтан тәжірибеде соттар қоғамнан оқшауланбай-ақ түзелуге мүмкіндігі бар адамдарға кейінге шегеру беруі керек. Меніңше, мұндай сотталғандардың өзі бастапқыда криминогендік деңгейі төмен болуға тиіс", – деп түйіндеді адвокат.
Заң не дейді?
Айкаға қатысты жазаны кейінге шегеру Қылмыстық кодекстің 74-бабы негізінде мүмкін болды. Бұл бапқа 2025 жылғы қыркүйекте елеулі өзгерістер енгізілген.
Кімдерге кейінге шегеру беріледі?
Заңға сәйкес, сот жүкті әйелдерге бір жылға дейін кейінге шегеру бере алады. Ал жас баласын тәрбиелеп отырған әйелдер мен жалғызбасты әкелерге жаза мерзімін бес жылға дейін кейінге шегеру қарастырылған. Бірақ бұл тек бала 14 жасқа толғанға дейін қолданылады.
Қандай ерекшеліктер бар?
Заң бойынша адамға бес жылдан артық мерзімге жеке адамға қарсы ауыр және аса ауыр қылмыстар, терроризм, экстремизм, қылмыстық топтарға қатысу немесе кәмелетке толмағандардың жыныстық қолсұғылмаушылығына қарсы қылмыстар үшін сотталған жағдайда кейінге шегеру берілмейді.
Кейінге шегеру қашан тоқтатылады?
Егер сотталған адам баласынан бас тартса, оны тәрбиелеуден жалтарса немесе ескерту алғаннан кейін қоғамдық тәртіпті екі рет бұзса, ол колонияға жіберіліп, жазасын өтеуді жалғастырады.
Кейінге шегеру мерзімі аяқталған соң не болады?
Кейінге шегеру мерзімі аяқталғаннан кейін, не бала қайтыс болған немесе жүктілік тоқтаған жағдайда, сот сотталған адамның мінез-құлқын зерттейді. Үш түрлі шешім болуы мүмкін:
- жазадан толық босату;
- жазаны неғұрлым жеңіл түрге ауыстыру (мысалы, бас бостандығын шектеу);
- жазаның қалған бөлігін өтеу үшін колонияға жіберу.
Ал егер кейінге шегеру кезеңінде жаңа қылмыс жасалса, сот жазаны үкімдердің жиынтығы бойынша тағайындайды.
Айка бұған дейін не үшін сотталған?
2024 жылғы 21 мамырда Алматының Әуезов аудандық соты блогерді жеңгетайлықпен айналысқаны және аса ірі мөлшерде психотроп затты заңсыз сатып алу, сақтау және тасымалдау бойынша кінәлі деп таныды. Сот оны 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды.
Оның сыбайласына 3 жыл 8 ай мерзімінде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Айка кім және қалай танымал?
Айка Алматыдағы элиталық эскорт желісін ұйымдастырушы ретінде белгілі. Алайда ол өзін Instagram желісінде сән-салтанатқа толы өмір салтын көрсететін блогер ретінде таныстырған. Ол үнемі саяхаттары, қымбат сыйлықтары мен люкс көліктері түскен фото-видеоларды жариялап отырған.
Фото: Instagram/LoveAika
Айканың Instagram-парақшасында 120 мыңнан астам оқырманы болған.
Айканың ұсталғаны туралы 2023 жылғы маусымда белгілі болды. Сол кезде ІІМ Алматыда жабық чаттар мен аккаунттар арқылы жеке "секс-кештер" ұйымдастырылғанын мәлімдеген. Ол жерге модель келбетіндегі, "қалталы ер адамдарға интим қызмет көрсетуге" дайын қыздар шақырылған.
Фото: Instagram/LoveAika
ІІМ мәліметінше, бұл бизнестің ұйымдастырушысы интернеттегі қызметін мұқият жасырып, өзін "табысты модель әрі блогер" ретінде көрсеткен.
Ведомствоның дерегіне сүйенсек, алматылық әйел модель келбетіндегі, ақшаға сексуал қызмет көрсетуге дайын қыздарды іріктеп, ауқатты клиенттер іздеген. Ол қыздарға "спонсор" табуға, пайдалы таныстық орнатуға және әлем көруге мүмкіндік беремін деп уәде берген.
"Айканың тізімі"
2023 жылғы желтоқсанда желіде "Айканың тізімі" тарады. Бұл құжаттар топтамасында блогер Айка М.-нің элиталық эскортының ықтимал клиенттерінің жеке деректері бар деген мәлімдеме жасалған. Тізімде ондаған есім аталды – арасында эстрада әртістері мен кәсіпкерлер бар делінген. Құжатта жыныстық қызмет көрсетті деген қауесетке іліккен қыздардың да есімдері көрсетілген. Сондай-ақ, онда телефон нөмірлері, мекенжайлар мен лауазымдар берілген.
Видео кадры
Бұл тізім блогер 2023 жылғы маусымда ұсталғаннан кейін тарай бастаған.
2024 жылғы 20 наурызда Ішкі істер министрі Ержан Сәденов "Айканың тізімінің" таралуына қатысты пікір білдіріп, осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтқан. Кейін 2024 жылғы сәуірде бұл іс Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке берілген.
2025 жылғы 25 қарашада Сәденов "тізім болды, ІІМ ол бойынша қылмыстық процесс аясында жұмыс істеді" деп мәлімдеді.
"Айканың тізімін" кім таратты?
Кейін ІІМ Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс материалдарын жария етті деген күдікпен Антикор тергеу жүргізгенін хабарлады. Алайда іс кейін тоқтатылған. Полицейлердің әрекетінен қылмыс құрамы табылмаған.
Ал тізімде аты аталған тұлғалардың өздерін жауапкершілікке тарту мәселесіне келсек, ведомство олардың әрекеттерінде қандай да бір құқықбұзушылық құрамы жоқ екенін мәлімдеді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!