Қазақстанның екінші ракеткасы, әлемдік рейтингте 105-орында тұрған Юлия Путинцева жаңа жылдың алғашқы "Үлкен дулыға" турнирі - Australian Open жарысын жеңіспен бастады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бірінші айналымда қазақстандық теннисші бразилиялық Беатрис Хаддад Майяны (№59) 3:6, 7:5, 6:3 есебімен жеңді.
Кездесу 2 сағат 55 минутқа созылды. Путинцева 3 эйс жасап, 1 қос қате жіберді. Ал Хаддад Майя 1 эйс орындап, 7 қос қате жіберген.
Бұған дейін Юлия мен Беатрис өзара екі рет кездескен, және екі матч та үш сетте аяқталған. Ол кездесулердің екеуінде де жеңіс Бразилия өкіліне бұйырған еді.
Қазақстан атынан жекелей сында Елена Рыбакина (№5) мен Зарина Дияс (№285) өнер көрсетеді. Ерлер арасында Александр Бублик (№10) және Александр Шевченко (№104) қатысады. Алғашқы ойын күні - 18 қаңтарда - Бублик өз матчін өткізеді.
Еске салайық, Путинцева 2026 жылды жеңіспен бастап, Аустралияда өтіп жатқан Брисбендегі WTA 500 сериялы турнирдің іріктеу кезеңін сәтті еңсерген болатын.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!