Қазақстандықтар тұрғын үйге енді жаңа тәсілмен ақша жинай алады: толық мәлімет

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақстандықтар тұрғын үйге енді жаңа тәсілмен ақша жинай алады: толық мәлімет Нейрожелі арқылы жасалған сурет

2026 жылғы наурыздан бастап Қазақстанда тұрғын үй жинақ жүйесіне қатысты жаңа ереже күшіне енеді. Бұрын бұл жүйе негізінен Отбасы банк арқылы ғана жұмыс істесе, енді коммерциялық банктерге (екінші деңгейлі банктерге) де осы жүйені енгізуге рұқсат берілді. Tengrinews.kz тілшісі арнайы салымдарды кім аша алатынын және неге олар үшін мемлекет сыйақысы берілмейтінін анықтап көрді.


2026 жылғы наурыздан бастап Қазақстанда тұрғын үй жинақ жүйесіне қатысты жаңа ереже күшіне енеді. Бұрын бұл жүйе негізінен Отбасы банк арқылы ғана жұмыс істесе, енді коммерциялық банктерге (екінші деңгейлі банктерге) де осы жүйені енгізуге рұқсат берілді. Tengrinews.kz тілшісі арнайы салымдарды кім аша алатынын және неге олар үшін мемлекет сыйақысы берілмейтінін анықтап көрді.

Мән-жай

Қазақстанда тұрғын үй-құрылыс жинақтары жүйесінің (ТҮҚЖ) мүмкіндіктері кеңейтілді. Енді бұл жүйеге тек Отбасы банк емес, екінші деңгейлі барлық банктер (ЕДБ) де қатыса алады. Оларға арнайы салымдар ашуға, шот жүргізуге және тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған қарыз беруге рұқсат етілді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Tengrinews.kz-тің сауалына жауап ретінде тиісті түзетулерге Мемлекет басшысы 2026 жылғы 16 қаңтарда қол қойғанын хабарлады.

"Енгізілген түзетулер тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі ұғымын кеңейтті. Енді бұл ұғымға тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі мәртебесі жоқ екінші деңгейлі банктер де енгізілді. Бұл оларға бөлек арнайы лицензия алмай-ақ тұрғын үй-құрылыс жинақтары жүйесіне қатысу құқығын береді", – деп түсіндірді ҚНРДА.

Заң 2026 жылғы 19 наурызда күшіне енеді.

Тұрғын үй жинағы нарығын кеңейту

Ұлттық банк те ресми сауалына берген жауабында енді қазақстандықтарға тұрғын үйге ақша жинауға тек мамандандырылған банктер емес, басқа банктер де көмектесе алатынын растады.

"Заң бойынша тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі мәртебесі жоқ екінші деңгейлі банктерге де тұрғын үй-құрылыс жинақтары жүйесіне қатысу мүмкіндігі берілді", - деп атап өтті Ұлттық банк.

Бұл дегеніміз, ЕДБ салым қабылдап, арнайы шот аша алады және салымшыларға тұрғын үй, аралық және алдын ала қарыздар беруге құқылы.

Ұлттық банктің түсіндіруінше, бұл жүйенің негізінде "қаражатты мақсатты түрде жинақтап, кейін оны тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалану қағидаты" жатыр.

Ең басты айырмашылық - мемлекет сыйақысы

ЕДБ-ге берілген өкілеттіктер кеңейгенімен, Отбасы банк пен коммерциялық банктер арасындағы негізгі қаржылай айырмашылық болады. Әңгіме жыл сайын мемлекет беретін бонустың төңірегінде болмақ.

"Мамандандырылған тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі қолданатын мемлекеттік сыйақы механизмі екінші деңгейлі банктерде ашылған тұрғын үй депозиттеріне қолданылмайды", - деп нақты айтты Ұлттық банк.

ҚНРДА да бұл ақпаратты растады.

"Тұрғын үй-құрылыс жинақтары бойынша мемлекеттік сыйақы тек тұрғын үй-құрылыс жинақ банктерінде ашылған салымдарға ғана сақталады және жаңа түзетулер негізінде жүйеге қатысатын екінші деңгейлі банктерге таралмайды".

Анықтама: Отбасы банктегі мемлекеттік сыйақы жыл ішінде енгізілген жинақ сомасының 20 пайызына тең, бірақ 200 АЕК-тен аспайды. Яғни, егер салымшы бір жылда 865 мың теңге (2026 жылы 200 АЕК) салса, ең көп дегенде 173 мың теңге сыйақы ала алады.

Контекст

Бұған дейін, 23 қаңтарда Қазақстанның Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені жылына 18 пайыз деңгейінде қалды. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қазақстандықтарды тұрғын үй сатып алуға салмақты қарауға шақырып, жылжымайтын мүлік қымбаттауы да, арзандауы да мүмкін екенін айтты.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Tengrinews
Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 491.89  course up  585.31  course up  6.38  course up

 

Ауа райы

location-current
Алматы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети