Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев елдегі үш ауысымды мектептер жағдайына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оның айтуынша, оқушылар үш ауысымда оқуға мәжбүр мектептер саны азайған.
"Үш ауысымды мектептер саны жүзден асатын. Өткен жылы олардың 70-інде мәселе шешілді, 30-дан астамы қалды. Биыл бұл мәселе толық шешіледі деп күтудеміз", – деді министр Үкіметтегі брифингте.
Сондай-ақ ол оқушы орны тапшылығы бар екенін мойындады.
"Үш ауысымды мектептер саны барынша азайды. Қазір оқушы орындары мен сыныптардың шамадан тыс толуына қатысты мәселе бар. Бұл негізінен мегаполистер – Астана, Алматы, Шымкент, сондай-ақ Алматы және Түркістан облыстары. Осы өңірлерде әлі де оқушы орны тапшы. Сондықтан мектеп құрылысы негізінен осы аймақтарда жоспарланған. Дегенмен бұл өңірлерде оқушы орнына деген сұраныс сақталады", – деп атап өтті Бейсембаев.
Министрлік мәліметінше, қазір елде 3,9 миллион баланы қамтитын 8 мыңнан астам мектеп бар. Оның ішінде шамамен 3 мың мектеп – бір ауысымды, 4,7 мыңы – екі ауысымды, ал 40 мектеп үш ауысымда білім береді.
Атап айтқанда, үш ауысымды мектептер әзірге Астана мен Алматыда, Ақмола, Түркістан және Алматы облыстарында бар.
Биыл мамырда Бейсембаев "Жайлы мектептер" жобасының өңірлер экономикасы мен халықты жұмыспен қамтуға әсері туралы айтқан еді. Министрдің пікірінше, бұл жоба оқушы орны тапшылығын шешіп қана қоймай, айтарлықтай мультипликативті әсер береді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!