Қырғызстанда өлім жазасын қайта енгізу мәселесі референдумға шығарылуы мүмкін. Бұл туралы ел президенті Садыр Жапаров айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі 24.kg сайтына сілтеме жасап.
Президенттің баспасөз хатшысы Ахат Алагөзов жариялаған сұхбатта Садыр Жапаров республикада өлім жазасын қайтару бастамасына пікір білдірді.
Садыр Жапаровтың айтуынша, кәмелетке толмағандар мен әйелдерге қатысты адам өлтіру және зорлау сияқты ауыр қылмыстардың саны көбейіп келеді. Ал қолданыстағы түрме жазалары қылмыскерлерді тоқтатуға жеткіліксіз.
Сонымен қатар, ол өлім жазасы сыбайлас жемқорлық істеріне қолданылмайтынын атап өтті: әңгіме тек аса қатыгез кісі өлтіру мен педофилия туралы болып отыр.
"Бұл мәселені біз жеке өзіміз шешпейміз. Халықпен ақылдасамыз. Мәселе жалпыұлттық референдумға шығарылуы мүмкін. Егер көпшілік қолдаса, онда Конституция мен заңдарға өзгеріс енгізу, сондай-ақ халықаралық міндеттемелерді қайта қарау қажет болады", - деді Садыр Жапаров.
Президенттің сөзінше, басты мақсат - әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, сондықтан мұндай маңызды шешім тек халықтың қатысуымен қабылдануға тиіс.
Анықтама: Қырғызстанда кейінгі өлім жазасы 1998 жылы орындалған. Сол жылдан бастап елде өлім жазасына мораторий енгізілді. 2007 жылы өлім жазасы ресми түрде жойылып, 2010 жылы Қырғызстан азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің өлім жазасын жоюға бағытталған Екінші факультатив хаттамасын ратификациялады.
Бұған дейін Садыр Жапаров елде өлім жазасын енгізу туралы тапсырма берген болатын. Мұндай шешімге Ыстықкөл облысында 17 жастағы қыздың қатыгездікпен өлтірілуі себеп болған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!