Сыр елінде Ұлыстың ұлы күні кең көлемде тойланып жатыр. Аймақтың әр ауданы мен ауылдарында киіз үйлер тігіліп, тұрғындар үшін мерекелік концерттер ұйымдастырылды.
Сыр елінде Ұлыстың ұлы күні кең көлемде тойланып жатыр. Аймақтың әр ауданы мен ауылдарында киіз үйлер тігіліп, тұрғындар үшін мерекелік концерттер ұйымдастырылды.
Бүгін Қызылорда қаласында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен "Наурыз - береке бастауы" атты мерекелік шара өтті. Мерекеге арналып "Руханият ауылы", "Ұстаздар ауылы", "Ардагерлер ауылы", "Ақындар ауылы", "Денсаулық ауылы", "Ынтымақ ауылы", "Еңбекшілер ауылы", "Кәсіпкерлер ауылы", "Құрылысшылар ауылы" деп аталатын киіз үйлер тігілді. Киіз үйлерде жарапазан айтылды, қыз бен жігіт айтысып, қазанжаппай жабылды.
Ұлттық спорт сайыстары, қолөнершілер фестивалі өтіп, театрландырылған қойылым қойылды. Қазақтың дәстүрлі "Сырға салу" рәсімі көрсетіліп, ата-әжелер ансамблі халық әндерін шырқады. Облыс әкімі мен ел ағалары кішкентай бүлдіршіндердің тұсауын кесіп, алғашқы қадамдарына ақ батасын берді. Жаңадан бой көтерген "Өнер орталығының" алдында ұлттық киімдегі өнерпаздар шеруі өтті.
Аймақ басшысы жиналған қауымды Наурыз мейрамымен құттықтап, облыс көлемінде атқарылған жұмыстарға тоқталды, жетістіктерді атап өтті.
"Сіздерді Әз-Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінде Ұлыстың ұлы күні Қазақстан халқына ортақ бүкілхалықтық мерекеге айналды. Сыр елі Наурыз мерекесіне Мемлекет басшысының және Үкіметтің қамқорлығы мен қолдауының арқасында толымды табыстармен жетті. Тамыры терең, тарихы кенен Алаштың анасы - қасиетті Сыр өңірінде соңғы жылдары мақсатты бастамалар қолға алынып, аймағымыз қарқынды даму жолына түсті. Қаңтар-ақпан айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша өңірлер арасында алғашқы орынды иелендік. Биылғы бюджетіміз 650 млрд теңге болып бекітілді. Бұл ауқымды қаражат халықтың ең өзекті деген мәселелерін шешуге, өмір сүру сапасын арттыруға бағытталуда. Сырбойылықтардың 98,4 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Биыл осы бағытта 14 жоба жүзеге асырылады. Өңіріміз күн санап көркейіп, қала мен ауылдардың ажарын айшықтайтын зәулім ғимараттар, тұрғын үйлер бой көтеруде. Алдымызда айқын міндеттер, оларды жүзеге асыруға құрылған жүйелі жоспарымыз бар. Халықтың игілігі, тұрғындардың жайлы тұрмыс-тіршілігі үшін ауқымды жобаларды өздеріңізбен бірге жасаймыз. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған Наурыз мейрамы Тәуелсіз елімізге, туған жерімізге, әрбір отбасына ырыс-құт, молшылық пен тоқшылық әкелсін!", - деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Аймақта халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту, инфроқұрылымды дамыту мақсатында кең көлемді жобалар жүзеге асырылып жатыр. Облыс бойынша 225 шақырым электр желісі мен 50 қосалқы станция орнатылады деп жоспарлануда. Оған қоса 247 шақырым жолдар жөндеуден өтіп, жыл соңына дейін жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 90 пайыздан асады. Биыл 1890 пәтерлік 70 тұрғын үй (аудандарда - 346, Қызылорда қаласында - 544 пәтер) салынады.
Мереке қарсаңында 220-ға жуық отбасы жаңа баспанаға ие болды. Жақын күндері Қызылорда қаласының сол жағалауындағы заманауи үлгідегі автовокзал пайдалануға беріледі. Бүгінде 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-математика мектеп-интернатының құрылысы қарқын алды.
"Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында өңірде биыл 10 мектеп ел игілігіне табысталады. Тағы 11 мектептің құрылысы басталады. Облыс орталығында "Шығармашылық академиясы", екі ауданда Оқушылар үйі мен Өнер мектептерінің құрылысы жүргізіледі деп жоспарланып отыр.
Демеушілердің қолдауымен де өңірде 37 млрд 600 млн. теңгенің ауқымды жобалары іске асып жатыр. Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы жақында пайдалануға беріледі. "ҚазГерМұнай" компаниясының 350 орындық заманауи үлгідегі Оқушылар сарайының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. "Саутс Ойл" компаниясының демеушілігімен 650 орындық заманауи үлгідегі жаңа музыкалық колледж құрылысы басталды.
Наурыз мейрамына арналған мерекелік шара ҚР Еңбек сіңірген әртісі Күлән Қалымбетова, эстрада әншілері Жанболат пен Жазира, Айгүл Қосанова және Сыр өнерпаздарының қатысуымен ұйымдастырылған концертке ұласты.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!