Бүгін Сыр өңірінде облыстық онкология орталығына "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры арқылы алынған жылжымалы медициналық кешенді табыстау рәсімі өтті.
Бүгін Сыр өңірінде облыстық онкология орталығына "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры арқылы алынған жылжымалы медициналық кешенді табыстау рәсімі өтті.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мұндай медициналық кешен республика бойынша 3 өңірде ғана іске қосылғанын атап өтіп, "Қазақстан халқына" қорына алғыс білдірді.
"Біз былтырдан бері "Қазақстан халқына" қоғамдық қорымен әріптестік байланыстамыз. Қор екі жылда аймақтың денсаулық сақтау саласына 2 миллиард теңге қаржы бағыттады. Бұл қаржыға облыстық балалар ауруханасы базасында "Қамқорлық" оңалту орталығы ашылып, аса қымбат дәрі-дәрмектер алынды. Бүгін қор онкология орталығын республика бойынша 3 ғана облыста бар, 1,1 миллиард теңгенің скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешенімен қамтамасыз етіп жатыр. Жылжымалы кешен табысталатын 3 өңірдің бірі ретінде Қызылорда облысын таңдаған "Қазақстан халқына" қорына Сыр жұртшылығы атынан шынайы ризашылығымызды білдіріп, алғысымызды айтамыз! Кешен Арал мен Жаңақорған аралығындағы халықтың денсаулығындағы кінәратты ерте анықтаудың мүмкіндігін ұлғайта түспек, - деді аймақ басшысы.
Іс-шарада "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры директорының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева облыстық онкология орталығының бас дәрігеріне жылжымалы медициналық кешеннің кілтін табыстады. Бұл өз кезегінде, шалғай елді мекендердегі тұрғындардың жоғары мамандандырылған медициналық көмекке қолжетімділігін арттыруға, орташа өмір сүру жасын ұзартуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, екі көліктен тұратын жылжымалы медициналық кешен томосинтез функциясы бар сандық маммографиялық жабдықпен, сарапшылық деңгейдегі ультрадыбыстық жүйемен және жоғары дәлдікпен зерттейтін компьютерлік томографпен жабдықталған. Екі құрал да Жапонияда жасалған. Мұндай кластағы және конфигурациядағы медициналық жабдық Қазақстанда алғаш рет қолданысқа беріліп отыр.
Қазақстан Республикасы бойынша пилоттық өңірлер ретінде таңдалған Алматы, Қызылорда және Ақтөбе облыстарында "QH Денсаулық жолы" жобасының іске асырылуы онкологиялық ауруға шалдыққандарды ерте сатыда анықтауға мүмкіндік береді. Халықты онкологиялық скринингпен қамту бойынша қазіргі жоспар 60 пайызды құрайды. Жобаны енгізу арқылы пилоттық өңірлер бойынша тексерумен қамтуды 70 пайызға дейін ұлғайту көзделіп отыр.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!