16 шілде 2024 | 19:28

Қызылордадағы көпфункционалды кешен "Білім-инновация" лицей интернатының оқу процесіне кедергі келтірмейді

ПОДЕЛИТЬСЯ

Жақында "Білім-инновация" лицей-интернатының жанынан салынуы жоспарланған "Қызылорда арена" көпфункционалды кешеніне жер телімін бөлуге қатысты бір топ ата-аналар мәселе көтерген болатын.


Жақында "Білім-инновация" лицей-интернатының жанынан салынуы жоспарланған "Қызылорда арена" көпфункционалды кешеніне жер телімін бөлуге қатысты бір топ ата-аналар мәселе көтерген болатын.

Осыған орай Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов лицей-интернат ұжымымен, ата-аналармен арнайы кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Біріншіден, бұл жер телімі мемлекет меншігінде. "Білім-инновация" лицей-интернатының жалпы аумағы – 4,6 гектар, кешенге қажетті жер көлемі – 2,1 гектар.

№9 (244 оқушы) және №10 (239 оқушы) лицейлердің жобалық қуаты 500 орын, яғни осынша оқушыға арналған.

Елімізде "Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтер» ережелер жинағы қолданылады. (ЕЖ 3.01-101-2013). Осы ережеге сәйкес, оқушы саны 500 және одан көп болған жағдайда, жер 1 оқушыға 40 шаршы метрден кем болмауы керек. Лицей-интернаттың 500 оқушысына 2 гектар жер тиесілі болуы тиіс. Кешенге бір бөлігі алынғаннан кейін қалған 2,5 гектар жер лицей қажеттілігін толық қамтамасыз етеді.

Қолданыстағы заңнама талаптары еш бұзылмастан сақталады.

Ең бастысы, салынатын көпфукнционалды кешен лицейдің оқу-тәрбие процесіне, білім сапасына әсер етпейді.

ҚР Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 24 қарашадағы №473 бұйрығымен бекітілген "Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, діни білім беру ұйымдарының білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптары және оларға сәйкестікті растайтын құжаттардың тізбесіне" сәйкес келеді. Стандарт бойынша білім нысанындағы спорт залы дене шынықтыру пәнінің өтуіне жеткілікті, сыртқы спорт алаңының болуы талап етілмейді.

Екіншіден, ата-аналардың алаңдаушылығын тудырған мәселе – қазіргі қолданыстағы оқушылардың сабақтан бос уақытта серуендеп, тынығуы үшін лицей түлектері есебінен салынған шағын спорт алаңы, беседка, орындықтар ғимараттың артқы жағындағы бос алаңқайға көшіріліп беріледі, яғни, мектеп мүлкіне ешқандай материалдық шығын келтірілмейді.

Үшіншіден, салынуы жоспарланған "Қызылорда арена" – түрлі бағыттағы шараларды өткізуге арналған көпфункционалды кешен.

Бұл нысан қаланың қарқынды дамып келе жатқан жаңа орталығы Сұлтан Бейбарыс көшесінде орналасады. Жоғарыда аталып өткендей, құрылысқа қажетті жердің жалпы аумағы – 2,1 гектар. Ғимараттың жалпы алаңы 14 000 шаршы метр, 3 қабатты болады.

Кешенде 2 000 көрерменге арналған әмбебап арена, 50 метрлік олимпиадалық стандартқа сай бассейн және сыйымдылығы 600 көрерменге арналған зал, жекпе-жек жаттығу, конференц зал және хореография залдары қарастырылған.

Сонымен қатар, аренаның инфрақұрылымдық жүйелері мен автотұрақ мәселесі де оңтайлы шешіледі.

Бұл бюджет есебінен жұмсалатын қаржыны да үнемдеуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда кешеннің жоба-сметалық құжаттамасы дайындалуда.

Төртіншіден, бұл жер бұған дейін 10 жылдан астам уақыт игерілмей, бос жатты. Осы орынның таңдалуының басты себебі – "Саяхат", "Сырдария", "СПМК-70" мөлтек аудандары, Тасбөгет кенті, Ақсуат ауылдық округі мен "Сабалақ" саяжайы жақын. Аталған мөлтек аудандар тұрғындарын спорттық нысанмен қамтамасыз ету, шалғайдан қала орталығына қатынап, үйірмелерге қатысатын мектеп жасындағы 30 мың оқушының мәселесі осылайша тиімді шешілмек.

Өңірдің ауа райы ерекшелігін ескеретін болсақ, қысы суық, жазы ыстық Қызылорда қаласы үшін бұл кешен тұрғындар мен балаларға жайлы орта қалыптастыратыны сөзсіз.

Айта кету керек, кешеннің лицей ғимараты жанында орналасуы оқушылар мен білім ошағы ұжымына да тиімді. Себебі, алдағы уақытта спорттық, мәдени-көпшілік шараларды осы кешенде тегін өткізуге мүмкіндік беріледі.

Сонымен қатар, қазіргі таңда облыс көлемінде тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру мақсатында саябақтар мен аллеялар, скверлер, спорттық нысандар жаңғыртылып, абаттандырылуда.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 488.39   527.68   5.04 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети