Астана қалалық мәслихатының депутаты Сауле Самидин американдық поп-жұлдыз Дженнифер Лопестің Астанадағы концертінде киген сахналық киімдеріне байланысты пікірімен ел назарын аударды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Не болды?
Threads әлеуметтік желісіндегі жазбасында Сауле Самидин Дженнифер Лопестің киімдері тым ашық болғанын айтып, бұл кейбір қазақстандықтардың мәдениетіне сәйкес келмейтінін жеткізді.

"Көпшілік J.Lo-ның ашық-шашық киімдеріне назар аударды. 16 жастағы қызымның өзі айтты: Эмираттарда ол жабық киімде өнер көрсетті, мәдениетке құрмет ретінде. Біз Эмират емеспіз, өзіміздің құндылықтарымыз бар. Бірақ, бізде де менталитет бар, кей образдарды жергілікті аудиторияға бейімдеуге болар еді. Әрине, J.Lo — өзіндік стилімен ерекшеленетін тұлға. Бірақ, жастар мұны басқаша қабылдайтынын байқадық. Бұл — тыйым салуға емес, саналы диалогқа себеп", – деп жазды депутат.
Қоғам қалай қабылдады?
Желі қолданушыларының басым бөлігі депутаттың киімге назар аударып, елдегі маңызды мәселелерді елемей отырғанын қатаң сынға алды.
"Құрметті Сауле! 2023 жылдан бері мәслихат төрағасы ретінде сізден маңызды мәселелерге назар аударуыңызды сұраймыз: әйелдердің құқықтары мен әлеуметтік қорғанысы, құрылыс алаяқтары мен киберқылмыскерлерге қарсы шаралар, алимент төлемейтін әкелер, инфрақұрылымдағы жемқорлық – жол жөндеу, мектеп, балабақша тапшылығы… Ал J.Lo не киіп шыққаны бізге маңызды емес", – деді бір қолданушы.

Тағы біреулер Астанадағы өзекті мәселелерді еске салды:
"EXPO маңында мемлекеттік балабақша жоқтың қасы. Бұл мәселені бірнеше рет көтердік – үнсіздік", – деп жазды желі қолданушысы.

Кейбірі Сауле Самидиннің бұл пікірін шын жүректен емес, жасанды деп бағалады.

J.Lo-ны жақтаған пікірлер
Көпшілік Дженнифер Лопестің киімі – оның кәсіби образы, жанры мен стиліне сай екенін айтып, бұл сын орынсыз екенін алға тартты.
"Бұл – сахналық образ, ешбір киімі ұятты көрінген жоқ. J.Lo – денсаулық, еңбек, тәртіп пен шабыттың үлгісі", "Ол не киетінін білдіңіз бе? Басқа менталитет болсаңыз, онда батыс әншілерінің концертіне бармаңыз", "J.Lo – еркіндік, сұлулық, еңбек, талант. Оның тәні – өз шаруасы, ол оны көрсетіп мақтануға хақылы. Киімдері – көздің жауын алады".
Самидин кім?
Сауле Самидин – 2023 жылдың наурызынан бері Астана мәслихатының депутаты. Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссия төрайымы. Астана іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, AMANAT партиясының мүшесі. "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталған.
Еске салайық, Дженнифер Лопестің Астанадағы концерті өткен жұмада өтті. Концертке жанкүйерлер Қазақстанның түкпір-түкпірінен, тіпті Ресей мен Конго сияқты елдерден келді. Әншінің командасы әлеуметтік желіде Қазақстанға жасаған сапарына оң бағасын беріп, мәдениет пен қонақжайлылыққа тәнті болғандарын айтты.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!