05 қыркүйек 2024 | 18:08

Орны бөлек оңалту орталығы

ПОДЕЛИТЬСЯ

Жуырда Ақтау қаласына сапарым барысында жолшыбай Жылыой ауданының Құлсары қаласына жолым түсті. Тасқыннан кейінгі аудан орталығы қалыпты тірлікке оралған. Құрылыстарға да жан бітіпті. Мына бір 3 қабатты еңселі ғимараттың салынғанына да көп бола қоймаған. Елді алаңдатқан жағдайдың орын алғаны күні кеше, мынадай құрылыс қай уақытта салынып үлгерді? Журналистік әдет пе, нысан туралы білгім келді.


Иконка комментария блок соц сети

Жуырда Ақтау қаласына сапарым барысында жолшыбай Жылыой ауданының Құлсары қаласына жолым түсті. Тасқыннан кейінгі аудан орталығы қалыпты тірлікке оралған. Құрылыстарға да жан бітіпті. Мына бір 3 қабатты еңселі ғимараттың салынғанына да көп бола қоймаған. Елді алаңдатқан жағдайдың орын алғаны күні кеше, мынадай құрылыс қай уақытта салынып үлгерді? Журналистік әдет пе, нысан туралы білгім келді.

Жасырып қайтейін, шынымен қызығушылығымды тудырды. Ғимаратқа қарай бет алған келіншекпен ілесе мен де кірдім. Сөйлеп тұрған жан екен, оның оңалту орталығы екенін айтты. Өзін Әсел Ишанғалиева деп таныстырған ол аталған орталықтың өз аймақтарынан ашылғанына қуанышын жасырмады. Көзінен баласының жарқын болашағына деген үміттің ұшқынын байқадым. Құлсарылықтар үшін қуандым. Әйтпесе, ем-дом, оңалту орталықтарын іздеп, 230 шақырымды артқа тастап облыс орталығына қатынайды. Ал, қалталары қалыңдары Ақтөбе, Алматы мен Астананы айналып қайтады. Жақын жерде болмаған соң, енді қайтсін...

Жә, сонымен, білгенімді, көргенімді айтайын. Орталық толығымен "Ембімұнайгаз" АҚ-ның қаражатына салынған екен.

– Ұлым Төреханға 2 айында ДЦП диагнозы қойылды. Қазір жасы 14-те. Бұрындары оңалту, терапия, психологиялық көмек, қолдау бағдарламалары бар нысандар қаламызда болмады. Сол себепті, өзі жүріп-тұра алмайтын, тіпті түсінігі жоқ балаларды қатарға қосу үшін, ең болмаса өз қолымен тамағын жеп, өзіне қызмет ете алатындай дәрежеге жеткізу үшін Атырауға, тіпті сонау Астана, Ақтөбе асып, ондағы реабилитациялық орталықтардың көмегіне жүгінетінбіз. Жолда түрлі қиындықтарға кездесіп, қиналатынымыз да бар. Өзіңіз көріп тұрсыз, іс-қимылы жоқ баланы алып жүру оңай емес. Одан қалды үйіңде қалған кішкентайларды уайымдап, тағы мазаң болмайды, деп ағынан жарылды ол.

Әсел айтса айтқандай, 3 қабатты ғимараттың ауасы кең, іші жарық. Айналаның жарқырап тұрғаны ерекше балаларға да, ата-анаға да өте ыңғайлы. Бастысы, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Ерекше балалармен логопедтер, дефектологтар, психологтар, әлеуметтік педагогтар, олигофренопедагогтар, емдік дене шынықтыру нұсқаушылары айналысып жатты. Медицина қызметкерлері де бар, көпфункционалды спорт алаңын да байқадым.

Қазірдің өзінде ерекше күтімді қажет ететін мұқтаж балалар мен жасөспірімдерді қабылдап, психологиялық, педагогикалық және түзету көмегін көрсетіп жатқан көрінеді.

Айтпақшы, Әсел көп ата-ананың бұл орталық туралы енді-енді біліп жатқанын жеткізіп, "әлі де естімегендері қаншама" дегенді де қосып қойды. Іле-шала ембілік әріптестеріме хабарласып, Құлсары қаласындағы аталған орталықтың тірек-қимыл аппараты проблемалары және басқа патологиялары бар науқастарға арналғанын білдім.

- "Ембімұнайгаз" компаниясы жер қойнауын пайдаланушы ретінде өңірдің, жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға белсенді қолдау көрсетіп келеді. Соның бірі – Құлсары қаласындағы оңалту орталығын "Ембімұнайгаз" АҚ толығымен өз қаражатына салды. Мұнда мұқтаж жандарға – ерекше қажеттіліктері бар кәмелетке толмағандарға жан-жақты көмек көрсетіледі.

"Облыс орталығының өзіндегі сапалы медициналық және оңалту қызметтерін көрсететін мұндай орталық 70 балаға негізделсе, Құлсарыдағы орталықта бір мезетте 150 баланы қабылдауға мүмкіндік бар. Бұл адамдардың өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсартады, дамудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашып, инклюзивті және медициналық қызметтердің барлығына қолжетімділігін енгізеді. Сондай-ақ, бұл жоба аймақта жаңа жұмыс орындарын ашуға және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға ықпал етті", - дейді "Ембімұнайгаз" АҚ Бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Рысты Тасмағамбетова.

Енді ерекше балалар сапалы медициналық және оңалту қызметін өз аудан орталықтарынан ала алады. Төрехан сияқты ерекше күтімді қажет ететін жандардың өмір сүру сапасын едәуір жақсартып, дамуға, инклюзивті тәсілді енгізуге және халықтың барлық топтары үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігіне жаңа мүмкіндіктер ашып қана қоймай, қаншама жұмыссыз жан жұмыспен қамтылады, әлеуметтік инфрақұрылым да жақсарады.

"Батыр болсаң жауға найзаң тисін, бай болсаң елге пайдаң тисін, екеуін де жасамасаң, жұрттан бөлек тіккен үйің күйсін" демей ме Әйтеке би. Неде болса бар жақсы. Иә, жер астының қазба байлығын игеріп қана қоймай, оны халық игілігіне жаратуға үлес қосып отырғаны дұрыс болыпты. Бұрындары мұнай компаниялары туралы сөз болса, "асын ішіп, аяғын бос қайтаратындай" көрінетін... Мұндай қаржылай да, материалдық та қолдаулар көрсетсе, халықтың да көңілі шат болатыны анық.

Рита Өтеуғали

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Валюта бағамы

 498.59   521.12   4.87 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети