Пәкістанның Карачи қаласында қолына таяқ пен тас ұстаған топ АҚШ консулдығына шабуыл жасады. Оларға қарсы оқ атылып, салдарынан бірнеше адам қаза тапты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Asianet News-ке сілтеме жасап.
Жексенбіде Карачиде тәртіпсіздік басталды. Тас пен таяқ алып "қаруланған топ" АҚШ консулдығына шабуыл жасап, терезелері мен есіктерін сындырған, сондай-ақ, күзет бекетін өртеп жіберген.
"Куәгерлердің айтуынша, тәртіпсіздікті басу үшін жергілікті қауіпсіздік күштері, соның ішінде пәкістандық әскерилер оқ атқан. Алдын ала мәлімет бойынша, шабуыл жасаған сегіз адам қаза тауып, АҚШ консулдығының үш қызметкері жараланған", - деп жазады басылым.
Консулдыққа жасалған шабуылдың видеосы әлеуметтік желілерде тарап жатыр.
Басқа дереккөздер кемінде 10 адамның қаза тапқанын хабарлайды.
"Полиция мен рейнджерлерді қоса алғанда, құқық қорғау органдары одан әрі зорлық-зомбылықтың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бұл аймақта қауіпсіздік шараларын күшейтті", - деп хабарлайды Geo News.
Пәкістанның Синд провинциясының ішкі істер министрі ешкімге заңды өз қолына алуға жол берілмейтінін айтты.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!