Қазақстан Қорғаныс министрлігінің Халықаралық қатынастар орталығы Польшада қазақстандық әскери атташенің аппарат қызметкері ұсталғанын растады. Бұл ақпаратты ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
2 тамызда поляк БАҚ-тары шетелдік әскери барлау қызметінің кәсіби офицері ұсталғанын хабарлады. Ұқсас ақпарат Польша ІІМ басшысы Томаш Семоняктың X-тегі парақшасында да жарияланды.
Томаш Семоняк ұсталған адамның бұрынғы кеңес республикаларының біріне жататын Азия елінің азаматы екенін, бірақ нақты қай мемлекет екенін атамағанын айтты. Оның сөзінше, бұл – 15 наурыз бен 30 шілде аралығында Варшава мен Быдгощ қалаларында қызмет жүргізген "кәсіби әскери барлаушы".
"Ішкі қауіпсіздік агенттігінің (ABW) қызметкерлері КСРО ыдырағаннан кейін құрылған азиялық елдердің бірінің азаматын ұстады. Ұлттық прокуратура оған айып тағып, 2025 жылғы 1 тамызда сот шешімімен күдікті үш айға қамауға алынды", – делінген хабарламада.
Польша билігінің дерегінше, күдікті Польша мен оның одақтастарының қауіпсіздігіне қатер төндіретін мәліметтерді жинаған болуы мүмкін. Польша Премьер-министрі Дональд Тусктың айтуынша, ер адамды 31 шілдеде Ішкі қауіпсіздік агенттігінің қызметкерлері ұстаған, ал 2 тамызда сот оны қамауға алу туралы шешім шығарған.
"Біз Польша қауіпсіздігіне қауіп төндірген әр адамға ерте ме, кеш пе жетеміз. Және бұл күткеннен де ертерек болады", - деп Польское Радио порталы Тусктың сөзін келтірді.
Польшаның Ұлттық прокуратурасы күдіктінің дипломатиялық мәртебені жамылғы ретінде пайдаланғанын мәлімдеді. Ол өз кінәсін мойындамайды. Оған 5 жылдан 30 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Қазақстандық БАҚ 11 тамызда күдіктінің Қазақстанның Украинадағы елшілігінде әскери атташенің көмекшісі болып жұмыс істегенін хабарлады. Қазақстан Қорғаныс министрлігінің Халықаралық қатынастар орталығы қазақстандық әскери атташенің аппарат қызметкерін поляк құқық қорғау органдарының ұстағанын растады.
"Қазіргі уақытта бұл жағдайды шешу үшін шетелдік тараппен өзара іс-қимыл жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасының азаматының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша қажетті шаралар қабылдануда", – деді ведомство өкілдері.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!