РФ президентінің көмекшісі Юрий Ушаков Владимир Путин мен Дональд Трамптың Аляскада өтетін кездесуіне дайындықтың аяқталғанын хабарлады, - деп жазады РИА Новостиге сілтеме жасаған Tengrinews.kz.
"Путин мен Трамп кездесуінің негізгі тақырыбы – Украина дағдарысын реттеу", – делінген ақпаратта.
Оның айтуынша, бұл үшін кездесудің бағдарламасы келісілген. Жоспар бойынша, алдымен Ресей және АҚШ президенттері жеке жүздеседі, содан кейін делегациялар қатысатын кеңейтілген форматтағы келіссөздер өтеді.
"Путин мен Трамптың кездесуі Аляскадағы Анкоридж қаласында жергілікті уақытпен 11:30-да басталады", – деді Ушаков.
Келіссөздерге РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров, Юрий Ушаков, Қорғаныс министрі Андрей Белоусов, Қаржы министрі Антон Силуанов және Ресей тікелей инвестициялар қорының басшысы Кирилл Дмитриев қатысады.
"Путин мен Трамп келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен баспасөз конференциясын өткізеді", – деп қосты ол.
Еске салайық, АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің Аляскадағы келіссөздері 15 тамызға жоспарланған болатын. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, олар Украина мен Ресей арасындағы бейбіт келісімді талқыламақ. Бұл келісім белгілі бір аумақтарды алмастыруды көздейді.
Батыс БАҚ-тары дереккөздерге сілтеме жасап, АҚШ-тың Путинге украин Донбасының қалған бөлігін ұсынғанын, оған жауап ретінде әскери әрекеттерді тоқтатуды талап еткенін жазды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!