Ресей Президенті Владимир Путин АҚШ Президенті Дональд Трамппен кездесуге дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қоңырау шалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кремльдің мәліметінше, Путин Тоқаевқа Украина дағдарысын реттеу жөніндегі Вашингтонмен диалогтың барысы туралы, соның ішінде АҚШ Президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткоффпен кездесудің нәтижелері жайлы айтқан.
"Қасым-Жомарт Тоқаев ақпарат үшін алғыс айтып, дауды бейбіт жолмен шешуге бағытталған қадамдарды қолдады", – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, екіжақты күн тәртібіндегі кейбір өзекті мәселелер, оның ішінде сауда-экономикалық өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту, өнеркәсіп пен энергетикадағы ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға қатысты практикалық аспектілер талқыланған. Жыл соңына дейінгі жоғары деңгейдегі екіжақты іс-шараларға дайындық мәселелері де қарастырылған.
Естеріңде болса, 7 тамызда Мәскеу АҚШ пен Ресей арасында Владимир Путин мен Дональд Трамптың жеке кездесуі туралы келісімге қол жеткізілгенін хабарлаған еді. Кездесуді дайындау жұмыстары басталғаны айтылды. Кездесу өтетін орын келісілген, бірақ кейінірек жарияланады. Кейін Путин американдық әріптесімен кездесуге қатысты сұраққа жауап берген.
БАҚ-тың хабарлауынша, Трамп Путинмен кездесуге тек Путин Украинаның президенті Владимир Зеленскиймен де келіссөз жүргізген жағдайда ғана келіседі.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!