Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина (№3) АҚШ-тың Калифорния штатындағы Индиан-Уэллсте өтіп жатқан WTA 1000 санатындағы беделді турнирді жеңіспен бастады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Vesti.kz-ке сілтеме жасап.
Әлемнің үшінші ракеткасы саналатын қазақстандық теннисші жарысты екінші айналымнан бастады. Осы кезеңде ол америкалық Хэйли Баптистті (№43) үш сет қорытындысы бойынша 7:6 (7:5), 2:6, 6:2 есебімен жеңді.
Теннисшілер кортта 2 сағат 18 минут өткізді. Рыбакина алты эйс жасап, бес рет қос қателік жіберді. Ал Баптист алты эйс орындап, төрт қос қателікке жол берді.
Рыбакинаның келесі қарсыласы Марта Костюк (Украина, №28) пен Тейлор Таунсенд (АҚШ, №87) арасындағы матчтің жеңімпазы болады.
Ерлер мен әйелдер арасындағы жарыстар қатар өтетін Индиан-Уэллс турнирінің жалпы жүлде қоры 18,8 миллион доллар (9,4 миллиард теңге).
Еске салайық, бұған дейін Рыбакина америкалық Тейлор Фритцпен жұптасып, Tie Break Ten форматында өткен көрме турнирі - Эйзенхауэр кубогында жеңіске жеткен еді. Екеуі қосылып 200 мың доллар, яғни шамамен 100 миллион теңге сыйақы алған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!