Ресейге кіруіне тыйым салынған әзілкеш енді Алматыға ұшып келмек, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Mash Telegram-арнасы сілтеме жасап.
Арна мәліметінше, Мәскеу әуежайындағы паспорт тексерісіндегі оқиғадан кейін Сабуров Дубайға тегін депортациядан бас тартқан. Өйткені, дереккөздердің айтуынша, ұшудың міндетті шарты кісен тағу болған. Осылайша әзілкеш Қазақстанға билетті өз бетінше сатып алғаны айтылды.
Mash Сабуров Мәскеуге БАӘ-ден бизнес класпен ұшқанын жазды. Арна дерегіне сүйенсек, кіруге тыйым салу туралы хабарламадан кейін ол депортацияланатынын бірнеше рет нақтылап, кейін Дубайға қайту билетіне қаражаты жоқ екенін мәлімдеген. Депортация шарттары түсіндірілгенде, ол ақша тауып, Алматыға билет сатып алған. Дереккөз мәліметінше, ең жақын рейс түстен кейін жоспарланған.
Telegram/@mash
СІМ не дейді?
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі әзілкеш Нұрлан Сабуровқа қатысты жағдайға пікір білдірді.
Ведомство мәліметінше, Ресей Федерациясының құзыретті органдарынан ақпарат түспеген.
"ҚР азаматы Нұрлан Сабуров немесе оның заңды өкілдері Ресейдегі ҚР елшілігіне жүгінбегенін хабарлаймыз. Оны ұстау туралы ақпарат Ресей Федерациясының құзыретті органдарынан да түскен жоқ", - деп жазылған жауапта.
Айта кетейік, бұған дейін әзілкеш Нұрлан Сабуровқа Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынғаны туралы ақпарат тарады.
Сабуров туралы не белгілі?
Нұрлан Әлібекұлы Сабуров 1991 жылы 22 желтоқсанда Степногорскіде туған. Ол - қазақстандық әзілкеш, жүргізуші, актер әрі медиа тұлға. Ол Stand Up жобасы арқылы кеңінен танылып, кейін YouTube-тегі "Что было дальше?" (ЧБД) шоуының жүргізушісі ретінде үлкен аудитория жинады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!