Қаржы министрі Мәди Такиевке концерттер мен үйлену тойларын онлайн-трансляциялау арқылы табыс тапқан әртістер салық төлеуі тиіс пе деген сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Үкіметтегі брифингте журналистер Қаржы министріне соңғы уақытта танымал қазақстандық әртістер әлеуметтік желілердегі жазылушыларына өз концерттері мен іс-шараларының трансляциясын ақылы түрде ұсына бастағанын еске салды.
"Сәкен Майғазиев пен Қайрат Нұртастай танымал әншілер өз концерттері мен тойларын жазылушыларына сата бастады. Онлайн-концерттерден немесе тойлардан түскен табысқа салық төлеу керек пе?" – деп сұрады журналистер.
Қаржы министрінің айтуынша, мұндай табыс кез келген басқа кіріс түрімен бірдей саналады және міндетті түрде декларациялануы тиіс.
"Салық төлеу керек. Біздің Конституциямыз бар. 34-бапқа сәйкес, әркім салық төлеуге міндетті. Сондықтан қосымша табыс болса, салық төлеу қажет. Мысалы, әртістер той өткізеді, адамдар оны TikTok-та көреді. Жыл бойы түскен барлық табыс 2026 жылдың 31 наурызына дейін декларацияда көрсетілуі керек. Кейін 2026 жылдың 10 сәуіріне дейін 10 пайыз салық төлеу қажет", – деп түсіндірді министр.
Еске салайық, бұған дейін әнші Сәкен Майғазиевтің ұлының үйлену тойының ақылы онлайн-трансляциясы әлеуметтік желілерде ғана емес, құқықтық тұрғыдан да қызу талқыланған еді.
Әншінің ұлының тойы көптеген қазақстандықтың назарын аударды. Себебі ұйымдастырушылар тойдың онлайн-трансляциясын ақылы көруді ұсынды. Бұл шешім әлеуметтік желілерде пікірталас тудырды: біреулер оны қызық эксперимент десе, енді біреулер ақша табудың оңай жолы деп сынады.
Кейін әлеуметтік желі қолданушылары эфирден қанша табыс түсуі мүмкін екенін есептей бастады. Болжамдар әртүрлі болды: бір деректерде шамамен 150 миллион теңге, басқаларында шамамен жеті миллион теңге деп көрсетілді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!