Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша басты сот отырысы басталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сот қазақ тілінде ашық өтіп жатыр. Отырыс басталар алдында залға екі мемлекеттік айыптаушы, айыпталушының жұбайы, әкім орынбасары Руслан Берденовтің өкілі және олардың қорғаушылары кірді. Берденовтің өзі сот отырысына келмеді.
Журналистерді сот залына бірден кіргізбеді, олар тыңдаулар басталарға дейін төменгі қабатта біраз күтуге мәжбүр болды.
Кейінірек БАҚ өкілдеріне сот өтіп жатқан залға кіруге рұқсат берілді. Айыпталушыны сот ғимаратына полицияның арнайы автокөлігімен жеткізді.

Еске салайық, шілденің 28-і күні Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алдын ала тыңдау өткен болатын. Сол отырысқа Руслан Берденовтің өзі қатыспаған. Оның өкілі сотқа әкім орынбасарының қазіргі кезде емделіп жатқанын хабарлаған. Сот Берденовке басты сот процесіне міндетті түрде қатысу туралы талап қойды.
Сотта Руслан Берденовке жасалған қастандықтың себебі де айтылды. Прокурор Бауыржан Караманов айыптау актісін оқып берді. Онда болған оқиғаның мән-жайы егжей-тегжейлі баяндалған.
Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың 21 сәуірінде айыпталушы Ернар Жиембай Шымкент қаласы құрылыс басқармасына қарасты нысандарды бақылау бөлімінің басшысынан ақпарат алған. Онда ол Руслан Берденовтің тапсырмасымен "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС басшысы қызметінен өз еркімен кетуі тиіс екені айтылған.
Осы оқиғаға байланысты Ернар Жиембай күдікті ретінде танылған. Алдын ала тыңдау кезінде, ашық форматта өткен сотта, судья айыпталушының жеке басы бейнежазбаға түспеуін қалағанын атап өтті. Жиембайға ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі ("Адам өлтіруге оқталу") және 24-бабының 3-бөлігі бойынша айып тағылып отыр.
БАҚ дерегінше, ол бұған дейін "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС-ін басқарған.
Қастандық болған күн туралы не белгілі?
21 сәуір күні кешке қала әкімдігі ғимараты маңында Руслан Берденовке оқ атылған.
Ол жарақат алып, дереу ауруханаға жеткізілді. Ота шамамен төрт сағатқа созылды.
Күдікті оқиға орнынан кейін ұсталды.
Әкімдік мәліметінше, сол күні Берденовтің жұмыс кестесі әдеттегідей болған. Ол күндіз аппараттық кеңеске қатысып, Құрылыс және өнеркәсіп министрінің орынбасарымен онлайн жиналыс өткізген. Сонымен қатар, әкімдік құрылымдарымен бірнеше жұмыс жиналысын өткізген.
Берденовтің сол күні күдіктімен кездескен-кездеспегені туралы әкімдік мәлімет бермеді.
"Оқиғадан бірнеше күн бұрын Руслан Берденов жұмыс жоспарына сай қаладағы құрылыс нысандарын аралап, азаматтарды жеке қабылдап, құрылыс инфрақұрылымын дамыту және қаланың дизайн-коды мәселелері бойынша жұмыс комиссиясымен бірқатар жиналыс өткізген", – делінген әкімдік хабарламасында.
Руслан Берденов неге жауапты?
Қала әкімінің орынбасары ретінде Руслан Берденов мынандай салаларды қадағалайды:
Құрылыс басқармасы
Архитектура және қала құрылысы басқармасы
Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы
Ыңғайлы қалалық орта дамыту басқармасы
Жер қатынастары басқармасы
Ол 2025 жылдың ақпанында әкім орынбасары қызметіне тағайындалған. Бұған дейін Мәжіліс депутаты болған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!