Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша сот процесі басталды. Сотталушы орнында – Ернар Жиенбай. Ол сот отырысында резонансты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі сот залынан.
Сотта жауап беру кезінде Жиенбай жәбірленуші Руслан Берденов өзінен қала әкімі тапсырыс беруші ретінде көрсетілетін нұсқаны айтуын сұрағанын алға тартты.
"Ең таңғаларлығы – ол (Руслан Берденов - ред.) менен өзіне қастандық жасау туралы тапсырманы қала әкімі Ғабит Сыздықбеков аппарат басшысы арқылы берген деп айтуымды өтінді. Яғни, мені кіллер ретінде жалдағысы келген. Ол (Берденов - ред.) мені тіпті о дүниеден де алып шығамын деп уәде берді", – деді Ернар Жиенбай.
Осы сәтте оның сөзі үзіліп, прокурор араласып, судьядан сұрақтарға көшуін сұрады.
"Құрметті төраға, айыпталушы іс бойынша қатысы жоқ мәліметтер айтып отыр. Егер ол жауабын аяқтаса, сұрақтарға көшуді сұраймын", – деді прокурор.
Бұған жауап ретінде сотталушы қала әкімінің бұл іске еш қатысы жоқ екенін қоса айтты.
"Әкімнің бұл іске қатысы жоқ", – деп түйіндеді Ернар Жиенбай.
Айта кетейік, сот процесі мемлекеттік тілде, ашық түрде өтіп жатыр. Руслан Берденов сотқа қатысып жатқан жоқ. Оның өкілі Жеңіс Тыныбек жәбірленушінің ем алып жатқанын хабарлады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!