Жамбыл облысында полиция көпқабатты үйдің терезесінен құлаған балалардың оқиғасына байланысты мән-жайды анықтап жатыр. Балалар омбудсмені Динара Зәкиева олардың анасына бұған дейін ауыр депрессия диагнозы қойылғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Істің мән-жайы
Жамбыл облысында терезеден құлаған балалардың өліміне қатысты тергеу басталды. Бұған дейін желіде оқиға Таразда болғаны, ал күдікті - зардап шеккен балалардың анасы деген ақпарат тарады. Онда әйел балаларды бесінші қабаттың терезесінен лақтырып жіберген деген мәлімет айтылған.
Балалар омбудсмені не дейді?
Динара Зәкиеваның айтуынша, балалардың анасына бұрын ауыр депрессия диагнозы қойылған, алайда ол ем-домын толық алмаған. Қазір оған қатысты кәмелетке толмағандарды өлтіруге оқталу бабы бойынша іс тергеліп жатыр.
"Өңірлік уәкіл ауруханаға барып, балалардың жағдайын біліп қайтты. Ұл баланың жағдайы қанағаттанарлық, ал қыз баланың жағдайы ауырлау, сүйегі сынған", - деді омбудсмен.
Зәкиева балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мен қорғауға кедергі келтіретін күрделі проблемалардың бірі ретінде медициналық құпияны атады.
Оның сөзінше, медициналық құпияға байланысты денсаулық сақтау органдары ауыр депрессия немесе психикалық денсаулыққа қатысты диагноздар бойынша есепте тұрған ата-аналармен бірге тұратын балалар туралы арнайы органдарына хабар бермейді. Ал қатыгездік көрсету, адам өлтіру сияқты ондаған жағдай көбіне осындай ахуалға байланысты.
"Балалардың құқығын қорғау функциясын атқаратын органдар қажет болған жағдайда отбасына барып, тиісті шара қабылдауы үшін ақпаратқа қол жеткізуі керек. Бұл мәселені заңнамалық деңгейде шешу қажет деп санаймын", - деді Динара Зәкиева.
Омбудсменнің айтуынша, күн сайын балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты 5 қылмыс тіркеледі. Соның 60–70 пайызы жақындары тарапынан жасалады: анасы, әкесі немесе жақын айналасындағы адамдар.
"Мұндай қауіптер мен қылмыстарды анықтау өте қиын, өйткені бәрі үй ішінде, жабық есіктің артында болады. Осыған байланысты кейінгі екі жылда қабылданған заңдар ерте анықтау, көмек көрсету және отбасылармен жұмыс істеуге арналған түрлі құралдар мен тәсілдерді енгізді", - деп қосты ол.
Нәтижесінде, былтыр 29 мың ата-ана ата-аналық міндетін орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылған, 1 126 адам ата-аналық құқығынан айырылған, тағы 660 адамның құқығы шектелген.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!