Бұрынғы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының басшысы Қайрат Қожамжаровқа қатысты тергеу басталды. Ол туралы не белгілі? Толығырақ Tengrinews.kz материалында.
Қайрат Қожамжаров 1965 жылы 24 наурызда дүниеге келген.
1982 жылы Алматыдағы республикалық физика-математика мектеп-интернатын, 1987 жылы Ленинград мемлекеттік университетін "заңгер" мамандығы бойынша тәмамдаған.
1987–1996 жылдары прокуратурада қызмет етті. 1992 жылы "Қазақстан прокуратурасының үздік тергеушісі" атағын алды.
1996–1999 жылдары кеден органдарында, соның ішінде атышулы Хоргос кеденінде жұмыс істеді. 1999–2001 жылдары салық полициясында, 2001–2012 жылдары қаржы полициясында қызмет атқарды.
2004–2007 жылдары Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қарсы күрес департаментін басқарды. 2007–2008 жылдары Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары болды. 2008 жылдан 2012 жылға дейін осы агенттіктің төрағасы қызметін атқарды.
2012–2013 жылдары Ақмола облысының әкімі болды. 2013–2014 жылдары Президент көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы.
2014–2015 жылдары Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы. 2015–2016 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросын басқарды. 2016–2017 жылдары қайтадан Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы болды.
2017–2019 жылдары Қазақстанның Бас прокуроры қызметін атқарды.
2019 жылғы 19 наурызда Сенат депутаты болып тағайындалды. 2023 жылғы қаңтарда Президент жарлығымен Қожамжаровпен бірге 13 сенатордың өкілеттігі тоқтатылды.
Қайрат Қожамжаров І және ІІ дәрежелі "Даңқ" ордендерімен, бірнеше медальдармен және "Қазақстанның еңбек сіңірген білім беру қызметкері" белгісімен марапатталған. Қаржы полициясының генерал-майоры. Үйленген, үш ұлы және қызы бар.
Еске сала кетейік, бүгін Қазақстан Бас прокуратурасы Қайрат Қожамжаровқа қатысты тергеу басталғанын хабарлады. Тергеу шенеуніктік өкілеттігін асыра пайдалану және қылмыстық жолмен табылған ақшаны заңдастыру деректері бойынша жүргізіліп жатыр.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!