Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша түзетулерді мақұлдады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының заңына қол қойды.
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.
Айта кетейік, бұған дейін бұл заң еңбек заңнамасын жетілдіруге, қызметкерлердің құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтуге мүмкіндік беретіні хабарланған болатын. Сондай-ақ ол әлеуметтік әріптестікті дамытуға, еңбекті қорғау қауіпсіздігі стандарттарын арттыруға, сонымен қатар еңбек қатынастары саласындағы жекелеген рәсімдерді нақтылауға бағытталған.
Бұған дейін Сенат депутаты Руслан Рүстемов ұсынылып отырған өзгерістер қызметкерлердің қорғалу деңгейін арттыруға және еңбек қатынастарын реттеудің заманауи әрі ашық тетіктерін қалыптастыруға бағытталғанын атап өткен.
"Заң еңбекті қорғау қауіпсіздігі стандарттарын арттыруды, жұмыс берушілердің қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі жауапкершілігін күшейтуді, әлеуметтік әріптестік тетіктерін дамытуды, сондай-ақ еңбек қатынастарын реттеуде цифрлық шешімдерді кеңінен қолдануды көздейді", – деді бұған дейін Сенат депутаты Руслан Рүстемов.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!