Мемлекет басшысы Куба Республикасының вице-президенті Сальвадор Вальдес Месамен кездесті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жиынға қатысқаны үшін мәртебелі мейманға ризашылығын білдіріп, еліміз Кубаның ЕАЭО қызметіне қосқан үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді.
"Президент Еуразиялық экономикалық форумда талқыланған жасанды интеллектіні дамытудың өзектілігін атап өтіп, осы саладағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту перспективасына тоқталды. Мемлекет басшысы еліміздегі экономиканың негізгі салаларын цифрландыру және оған жасанды интеллект технологияларын енгізу шаралары туралы мәлімет берді. Осы орайда, Қазақстанның Куба тарапымен электрондық үкіметті дамыту тәжірибесін бөлісуге, озық цифрлық шешімдерін экспорттауға әзір екенін растады", - делінген хабарламада.
Фото: Ақорда баспасөз қызметі
Сальвадор Вальдес Меса Қасым-Жомарт Тоқаевқа Куба Президенті Мигель Марио Диас-Канель Бермудестің сәлемін жеткізіп, өзара сауда-экономикалық байланысты арттыруға ниетті екенін айтты.
Кездесуде медицина және фармацевтика бағытында тиімді ынтымақтастықты жандандыру әлеуетіне баса назар аударылды.
Фото: Ақорда баспасөз қызметі
Бұдан бөлек, іскерлік және мәдени-гуманитарлық қатынастарды тереңдету мүмкіндіктері қарастырылды.
Қазақстан Президенті мен Куба Вице-президенті халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Фото: Ақорда баспасөз қызметі
Айта кетейік, 29 мамырда Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы кезекті отырысы өтті. Жиынға Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров, Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин, Армения Республикасының вице-премьері Мгер Григорян, Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзиёев, Куба Республикасының вице-президенті Сальвадор Вальдес Меса, Иран Ислам Республикасының өнеркәсіп, кеніштер және сауда министрі Сейед Мохаммад Аттабак және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысты.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!