Шымкентте мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген сарбаз көз жұмды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ұлттық ұланның баспасөз қызметі мәліметінше, Жамбыл облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті арқылы әскерге шақырылған әскери қызметші денсаулығына байланысты бірнеше мәрте дәрігерлерге қаралған. Ол бақылауда болып, қаладағы медициналық мекемелерде тексеруден өтіп жүрген.
"6 қаңтарда сарбаздың жүрегі кенеттен тоқтап қалды. Дәрігерлер көрсеткен жедел көмек пен реанимациялық шараларға қарамастан, ол қалалық ауруханалардың бірінде қайтыс болды. Алдын ала диагноз - жедел лейкоз", - деді ведомствоның баспасөз қызметі өкілдері.
Әскери қызметшінің өлімі дерегі бойынша әскери-тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады.
Оқиға Ішкі істер министрінің орынбасары - ІІМ Ұлттық ұланының Бас қолбасшысының жеке бақылауында.
Бұған дейін Маңғыстау облысында егізінен кейін әскерге кеткен Дінмұхамед есімді әскери қызметші қаза болған еді. Алғашында олар бір бөлімде қызмет атқарғанымен, кейін олардың бірі басқа әскери бөлімге ауыстырылған.
Былтыр 17 қыркүйекте отбасы қаралы хабар алған: Дінмұхамед өмірден озған. Алдын ала мәлімет бойынша, сарбаз өз-өзіне қол жұмсаған. Алайда туыстары бұл нұсқамен келіспейді.
Кейін Қорғаныс министрінің орынбасары Серік Боранбаев 19 жастағы Дінмұхамедтің қазасына қатысты пікір білдіріп, бауырларды әдейі ажыратпағанын, олардың әртүрлі уақытта әрі әртүрлі елді мекендерден шақырылғанын айтты.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!