Украина президенті Владимир Зеленский Дональд Трамппен бір жарым сағаттан аса әңгімелескенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оның сөзінше, шамамен бір сағат әңгіме жеке форматта өтті, кейін еуропалық көшбасшылар да қосылған. Зеленский Украина бейбітшілік жолында барынша өнімді жұмыс істеуге дайын екенін айтты. Ал Трамп оған Владимир Путинмен өткен кездесу туралы ақпарат берген.
"Американың күші жағдайдың дамуына әсер ететіні маңызды", – деді Зеленский.
Мемлекет басшысы Украина – АҚШ – Ресей форматында үшжақты кездесу өткізуді қолдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, негізгі мәселелерді тікелей көшбасшылар деңгейінде талқылау қажет әрі мұндай формат қолайлы.
Зеленский соғысты аяқтауға қатысты барлық егжей-тегжейлі мәселені 18 тамызда Вашингтонда Трамппен жеке талқылауға ниетті екенін айтты:
"АҚШ-та қан төгуді тоқтату және соғысты аяқтау бойынша барлық мән-жайды Дональд Трамппен талқылауды жоспарлап отырмын. Шақырғаны үшін алғыс айтамын", – деді ол.
Сонымен қатар, Украина басшысы келіссөздер процесінің кезеңдерінде Еуропа елдерінің қатысуының маңыздылығын атап өтті. Бұл қауіпсіздікті Америкамен бірге сенімді қамтамасыз ету үшін қажет екеніне тоқталды.
"АҚШ тарапынан Украинаға қауіпсіздік кепілдіктеріне қатысу туралы талқыланды. Көмектесіп жатқан адамдарға ризамын!" – деп түйіндеді Зеленский.
Айта кетейік, Қазақстан да Владимир Путин мен Дональд Трамптың кездесуін оң бағалап, президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны тарихи деп атады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!