"Астана Опера" әртістері Миландағы ЕХРО-2015 жабылуында өнер көрсететін болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Астана Опера" әртістері Миландағы ЕХРО-2015 жабылуында өнер көрсететін болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, "Астана Опера" балетінің жетекші солисті Әйгерім Бекетаева мен балет солисті Еркін Рахметоллаев ЕХРО-2015 жабылу салтанатында, аты аңызға айналған италиялық La Scala театрының сахнасында өнер көрсетуге шақырту алды. Қазақстандық бишілер қатысатын гала-концерт Миланда 30-31 қазанда өтеді.
"Италияның әйгілі театрына мен алғаш рет барғалы отырмын. Атақты әртістермен бірге бір сахнада өнер көрсету - мен үшін үлкен бақыт. Өзімнің серіктесім Еркін Рахметоллаевпен бірге баратыныма қуаныштымын. Бұл бір жағынан ғанибет, екінші жағынан - жауапкершілігі жоғары, себебі біз тек театр атынан емес, Қазақстанның атынан өнер көрсетеміз", - дейді Әйгерім Бекетаева.
Айта кетейік, Әйгерім Бекетаева мен Еркін Рахметоллаев сахнаға шыққанға дейін бес күн бұрын барып, 25 қазанда Италиядағы әріптестерімен репетиция жасайды. Сахнаға әртістер "Оскар" сыйлығының иегері Франка Скуарчапино (Италия) әзірлеген костюмдерімен шығады.