"Ла Скала" балет театрының жетекшісі Махар Вазиев "Астана Опера" театрының белді солистері Айгерім Бекетаева мен Еркін Рахматоллаевты 30-31 қазан күні Миланда EXPO-2015 аясында өтетін екі гала-концертте Италия театры сахнасында өнер көрсетуге шақырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Вазиев "Астана Опера" театрының балетіне жоғары баға берді. Әртістер "Аққулы көл" балетінің үшінші актісінен па-де-де және "Ұйқыдағы ару" балетінен па-де-де көрсетеді.
Айта кетейік, кездесу "Ла Скала" театрының Астанаға гастрольдік сапары барысында болған. Келіссөздер барысында "Астана Опера" театрының да Италияға гастрольдік сапары туралы талқыланған. Сондай-ақ бұл екі театр арасында меморандумға қол қойылды. Келісім бойынша екі ұжым күзде Дж. Вердидің "Аида" операсын қоюды жоспарлап отыр.
"Ла Скала" театрының орындауындағы "Дон Кихот" балетін елорданың алты мыңнан астам қонақтары мен тұрғындары тамашалаған. Бес күн қойылған бұл балеттің тұсаукесерін тек қана Қазақстан азаматтары емес, Астанаға арнайы келген ТМД елдерінің тұрғындары да көрген. Спектакль аяқталғаннан кейін көрермендердің көңіл-күйі көтеріңкі болды, көптеген адамдар әртістердің шебер ойнағанын және Марчелло Спаккаротелла дирижерлік еткен "Астана Опера" оркестрі дыбысының тазалығын атап өтті. Көрермендердің көңілінен шыққан басты ерекшелік декорациялар мен костюмдер болды.