Қазақстан балетінде жанып келе жатқан жарық жұлдыз, "Астана Опера" театрының жетекші солисі Бақтияр Адамжан Ыстамбұлда (Түркия) өткен Балет әртістерінің V халықаралық конкурсында Бас жүлдені қанжығасына байлады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан балетінде жанып келе жатқан жарық жұлдыз, "Астана Опера" театрының жетекші солисі Бақтияр Адамжан Ыстамбұлда (Түркия) өткен Балет әртістерінің V халықаралық конкурсында Бас жүлдені қанжығасына байлады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2016 жылдың 8 шілдесінде Сюрей опералық театрында (Қадыкей ауданы, Ыстамбұл қаласы, Түркия) конкурсқа қатысу мақсатында Қазақстан, Ресей, Австралия, Бразилия, Болгария, Жапония, Канада, Оңтүстік Африка, Оңтүстік Корея және көтпеген басқа елден келген балет әртістері жиналды. 3 кезең бойынша өткен конкурс 13 шілдеге дейін жалғасты. Қатысушылар жасы 15 пен 26 аралығында шектелді. 13 шілдеде салтанатты Гала-концерт өтіп, Бақтияр Адамжан мен өзге финалға шыққандар конкурс репертуарынан номерлер ұсынды.
Бақтияр Адамжан. © "Астана Опера" театрының баспасөз қызметі
Берлиннің Мемлекеттік балетінің көркемдік жетекшісі, "Токио-балеттің" шығармашылық жөніндегі кеңесшісі Владимир Малахов төрағалық еткен беделді әділ қазылар құрамында енгендер: Р. Нуреев ат. балет әртістерінің халықаралық конкурсының директоры Р. Бокор, Скопье (Македония) Би театры және би фестивалінің директоры Р. Рисимкин, "Dance for You" журналының редакторы М. Виеру, Қазақстанның Халық әртісі Г. Тұтқыбаева, Бостон балетінің көркемдік жетекшісі М. Ниссинен, Голландиялық би фестивалінің көркемдік жетекшісі, Роттердамдағы Өнер университетінің "Кодартс" би академиясының атқару кеңесінің мүшесі С. Вюрстен және басқалары.
Конкурс күндері жетекші солист ыстамбұлдық сахнада Л. Минкустың "Дон Кихот", "Баядерка", Б. Асафьевтің "Париж жалыны", Ц. Пунидің "Эсмеральда" сияқты классикалық балеттерден вариациялар орындады. Мұнымен қатар, Бақтиярға арнайы екі заманауи номер - қазақстандық хореограф Сиязбек Уәлибековтің "Менің бөлігім" (Partofme) және Исян Чжанның (Пекин қаласы, Қытай) қойылымындағы "Ояну" (Inthewake) қойылды.
© "Астана Опера" театрының баспасөз қызметі
Бақтияр Адамжанның билегенін алғаш көрген белгілі пекиндық хореограф Исян Чжан, әртістің болашағы зор және физикалық күйі тамаша екенін атап өтті.
"Номерді қоймас бұрын, Бақтиярдың стилі мен техникасын анықтау үшін, алдымен билеп беруін өтіндім. Солист тамаша формада, бәрін жылдам, лезде қағып алады, әлі көп нәрсені үйренуі мүмкін. Бірігіп жұмыс істеген екінші күннен-ақ өзгерісті байқадым - осы қысқа уақыт ішінде әртіс өзі үшін жаңа стильді меңгеріп, айтарлықтайөсті. Мен оның шеберлігі мен алған білімін паш етуге тырыстым", - деді Исян Чжан.
© "Астана Опера" театрының баспасөз қызметі
Өз кезегінде Бақтияр Адамжан дайындықтың алғашқы сәтінен-ақ жеңіске қол жеткізуге бел буған еді.
"Стамбулдағы конкурсқа әлемнің түрлі елдерінен үздік бишілер келді, сол себепті молынан тәжірибе алмастық. Түрік көрермені менің өнерімді ыстық ықыласпен қарсы алды. Заманауи хореографиядан кейін классикалық биге "ауысу" оңай болған жоқ. Жақында дүниеге келген ұлымды ойлағаным сәтті өнер көрсетуіме көмегін тигізді. Жеңіс қанаттандырды, енді менің бұрынғыдан да көп жұмыс істеп, өсіп, алдағы мақсаттарыма қол жеткізгім келеді", - деді ойымен бөліскен Бақтияр Адамжан.
© "Астана Опера" театрының баспасөз қызметі
Конкурстық бағдарламаның төрт классикалық вариациясын дайындаумен "Астана Опера" балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова мен педагог-репетитор, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Константин Заклинский айналысты.
"Әртістер үшін конкурстар маңызды, себебі дайындық пен қатысудың өзі өсіреді, дамытады, бұл төзімділікті тексерумен тең, мінезді көрсетеді. Жалпы адамдарды конкурсқа арналған және конкурсқа арналмаған деп бөлуге болады, неге десеңіз мұндай ауыртпалықты бәрінің бірдей жүйкесі көтере бермейді, біреудің мінезі жауынгердікіндей келіп, мақсатына жетуге мүмкіндік берсе, кейбіреулерді спектакльден тамашалаған жақсы. Бұл бір спортшыларға арналған сайыс сияқты, жас кезіңде көру керек, ұмтылу қажет, сынақтан өту керек. Бақтияр Адамжан біздің үлкен балеттік отбасымызды жерге қаратқан жоқ, лайықты деңгейде өнер көрсетті", - деп Алтынай Асылмұратова сапарды қортындылады.