06 маусым 2019 12:07

"Астана Опера" театрының солисі испаниялық Театр де Саррия сахнасында өнер көрсетті

ПОДЕЛИТЬСЯ

Сурет "Астана Опера" театрының баспасөз қызметінен Сурет "Астана Опера" театрының баспасөз қызметінен

"Астана Опера" театрының солисі Евгений Чайников Барселонадағы испаниялық Театр де Саррия сахнасында зор табыспен өнер көрсетті. Танымал музыкалық дирижер, тенор әрі педагог Рауль Хименестің жетекшілігімен композитор Доменико Чимарозаның "Жасырын неке" (Il matrimonio segreto) операсы Барселонаның театр камералық маусымын тәмамдады, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі. 


"Астана Опера" театрының солисі Евгений Чайников Барселонадағы испаниялық Театр де Саррия сахнасында зор табыспен өнер көрсетті. Танымал музыкалық дирижер, тенор әрі педагог Рауль Хименестің жетекшілігімен композитор Доменико Чимарозаның "Жасырын неке" (Il matrimonio segreto) операсы Барселонаның театр камералық маусымын тәмамдады, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі. 

Евгений Чайниковке Қазақстанды, "Астана Опера" театрын талғампаз испан жұртшылығы алдында таныту мүмкіндігі бұйырды. Отандық әртістердің мұндай өнер көрсетулері заманауи қазақстандық мәдениетті әлемдік кеңістікте ілгерітеді әрі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жоспарларының бір бөлігі болып табылады. 

"Астана Опера" театрының солисі Евгений Чайников қызуқанды испан жұртшылығының ғана емес, беделді опералық журналдарда тамсана пікірлер жазған қатал сыншылардың да жүрегін жаулап алды.

"Евгений Чайниковтың әдемі бас-баритон дауысы ерекше назарға лайық. Әнші өзін граф Робинсонның сәтті орындаушысы ретінде көрсетті. Актерлік тұрғыдан күлдіргі партия шын мәнінде қызықты болды әрі әртіс оны вокалдық жағынан тамаша орындап шықты", - деп атап өтті танымал әлемдік Opera Actual басылымының музыкатанушысы.

"Испандық өнерсүйер қауым мені өте жылы қабылдады. "Жасырын неке" операсының сюжеті жақында ғана театрымызда тұсаукесері өткен "Жібек сатының" оқиға желісіне ұқсас. Либреттоға сәйкес, менің кейіпкерім апалы-сіңлілі екі қыздың бірін қалыңдық етіп алуға келеді. Операдағы басты кейіпкерлердің басынан өткен қызықты оқиғаларының бәрі жақсылықпен аяқталады. Испан сахнасында 5 спектакль орындадым. Әртістер құрамы түрлі ұлт өкілдерінен құралған, әріптестерім ең керемет шеберліктерін паш етіп, тамаша вокалдық қабілеттерін көрсетуге тырысты. Бұл бәріміз үшін үлкен тәжірибе болды: ән айту негіздерін ұштау, стильді ерекшелеу, сонымен қатар тілдік тәжірибе. Оркестрлік және сахналық дайындықтарда маэстромен бірге көп жұмыс жасадық. Түпдеректен алған жаңа білім мен ақпаратты туған сахнама, өз көрерменіме алып келемін деп мақтанышпен айта аламын. Біздің көрермен сапалы кәсіби орындаушылықтан ләззат ала алады. Гастроль кезінде түрлі елдерден келген әріптестеріміздің мәдениетімен таныса отырып, тәжірибе алмасамыз әрі өз партиямызды орындау кезінде пайдалану үшін суретші сияқты барлық бояуларды жинаймыз", - деп бөлісті Евгений Чайников.

Евгений Чайниковтың ауқымды репертуары Дж.Россинидің "Жібек саты" камералық операсынан бастап, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің "Абай" ұлттық опера жауһарындағы күрделі Жиренше партиясына дейінгі туындылардан құралған.

"Жасырын неке" - тұсауы кесілген соң бірден табысқа кенелген ең үздік опера-буффалардың бірі. Бұл шығарма біздің ғасырымызда да тыңдаушысын тапқан Чимарозаның алпыс бес операсының бірі болып қала бермек. Бұл - опера тарихындағы ең әйгілі бистердің бірі болғаны туралы деректер бар, себебі 1792 жылдың 7 ақпанындағы премьера кезінде император II Леопольдқа спектакльдің ұнағаны соншалық, қойылымнан кейін әртістердің барлық құрамы оны патшаның сарайында қайта сахналаған.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 446.44   490.7   4.77 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети