"Астана Опера" театрының труппасына Арменияның халық әртісі, көрнекті бас Барсег Туманян қабылданды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Астана Опера" театрының труппасына Арменияның халық әртісі, көрнекті бас Барсег Туманян қабылданды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Астана Опера" театрында әртістерге арналған жыл сайынғы конкурс 18-27 мамыр аралығында өткен. Оны өткізу үшін отандық мамандармен бірге Германия, Грекия, Италия, Ресей, Украина елдерінен беделді қазылар шақырылды. Театр труппасы әртістерінің бәрімен бір жылға ғана келісімшарт жасалатынын айта кету керек, келісімшарт мерзімі өткеннен кейін олар аттестациядан өтіп, біліктіліктерін дәлелдеуі тиіс. Мұндай жұмыс жүйесі театрлардың әлемдік тәжірибесінен алынған.
Конкурсқа Қазақстанның ғана емес, алыс-жақын шетелдердің әртістері де қатысты. Барлығы 468 сайыскер бақ сынап, оның 332-сі сыннан өтті. "Астана Опера" театрының солистері, тұтастай алғанда, сол қалпында қалды. Кейбір әртістер сахнаның жетекші шеберлеріне айналды. Конкурсқа театрдың 49 әртісі қатысты, әнші қыздардың арасында бәсекелестік үлкен болды, 24 сопраноның ішінен тоғызы ғана сынақтан өтті.
"Жақсы әсер қалыптасты. Оркестрдің деңгейі өте жоғары болды, жекелеген музыканттар мені таңғалдырды, кейбір үрмелі аспаптар ұжымы өте жақсы болды, мен таңдау Мәскеудегіден де жоғары болды дер едім. Музыканттар жоғары кәсіби деңгейлерін байқатты. Сайыскерлердің арасында екінші курста оқып жатқандар болды, олар оқуды тығыз жұмыс кестесімен қатар алып жүре алмас еді", - дейді Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, "Виртуозы Москвы" оркестрінің алғашқы скрипкасы әрі солисі Алексей Лундин.
"Астана Опера" балетінің көркемдік жетекшісі Тұрсынбек Нұрқалиев конкурстан өткендердің бәрінің шығармашылық әлеуеті мол екенін айтты. Комиссияны КСРО халық әртісі, Үлкен театрдың прима-балеринасы Людмила Семеняк басқарды. Ол "Астана Опера" театрының балет труппасы кәсіби деңгейінің өте жоғары екенін атап өтті.