Астананың орталық алаңы этноауылға айналды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық Мәдениет басқармасына сілтеме жасап.
Астананың орталық алаңы этноауылға айналды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық Мәдениет басқармасына сілтеме жасап.
Елордада Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлауға дайындық қызу жүріп жатыр. "Қазақ Елі" монументінің алдындағы алаңда басты халықтық серуен өтетін этноауыл салынып жатыр. Қазақстандықтар тарихи мерекені алдағы демалыс күндері, яғни 11-13 қыркүйекте атап өтеді.
Елордадағы мәдениет басқармасының мәліметінше, Астананың сол жағалауында, "Қазақ Елі" алаңында 50 киіз үй тігіліп, екі үлкен сахна, спорт алаңдары, алтыбақандар, тайқазан орнатылды. Қызықты ойын-сауық және концерттік бағдарлама дайындалды. Мерекені тойлауға еліміздің өңірлерінен делегациялар Астанаға келді. Үш күн бойы Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Астана және Алматы қалаларының ең үздік шығармашылық топтары өнер көрсетеді.
"Еліміздің әр өңірі үздік хореографиялық ұжымдардың, ансамбльдердің, халық және эстрада өнерінің солистерінің қатысуымен өтетін концерттік бағдарламадан басқа, көрермендер назарына "Қазақстанның ежелгі қалалары" бейнепрезентациясын, "Қазақ ұлттық киімінің тарихы арқылы халық тарихын жеткізу" атты сән фестивалін, "Сиқырлы би әлемі" би фестивалін, "Бірлігіміз жарасқан" атты Қазақстан халқы достығы концертін, "Ғасырлар үні" этно-концерті ұсынылады. Сонымен қатар, этноауылда жетім балаларға арналған экскурсия және астаналық дарынды жастардың қатысуымен концерт өткізіледі", - деп хабарлады елорданың Мәдениет басқармасы.
Мереке барысында барлық облыстың ұлттық киім киген өкілдерінің шеруі болады. Шара 12 қыркүйекте сағат 10.00 "Қазақ Елі" монументінің алдындағы алаңда өтеді. Осы күні сағат 19.00 өңірлердің ең үздік номерлері гала-концертте көрермендер назарына ұсынылады.