1-9 қыркүйек аралығында EXPO-2017 бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен "Астана Опера" сахнасында атақты миландық Ла Скала театрының опера труппасы, хор мен симфониялық оркестрінің алғашқы гастрольдері өтеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Астана Опера" театрының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
1-9 қыркүйек аралығында EXPO-2017 бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен "Астана Опера" сахнасында атақты миландық Ла Скала театрының опера труппасы, хор мен симфониялық оркестрінің алғашқы гастрольдері өтеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Астана Опера" театрының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Гастрольдің Бірыңғай Ресми Демеушісі - республикамызда 1992 жылдан бастап өз қызметін жүзеге асырып келе жақтан итальяндық "Eni" энергетикалық компаниясы, cонымен қатар гастрольдерге "Samruk-Kazyna Trust"әлеуметтік серіктестігі қолдау көрсетті.
Еске салар болсақ, Дж. Вердидің қызыққа толы, күлкілі "Фальстаф" операсы 1, 4, 6 және 8 қыркүйекте өтеді. Арриго Бойтоның либретто негізіне У. Шекспирдің "Виндзор сайқымазақтары" комедиясы мен "IV Генрих" тарихи хроника сахналары алынған.
Түрлі стиль мен дәуірді бір бойына біріктірген ерекше тартымды спектакльде түс пен өң, өткен мен қазіргі сәт араласып, шырмалған. Ақсүйек бонвиван Джон Фальстаф мырзаның басынан кешкен хикаялары туралы әсерлі әрі болжауға келмейтін сюжет өтіп жатқан оқиғалардың көңілді шатағы, көптеген күлкілі айласы мен қылығы, сонымен қатар баяғы жайлы наз, жарқын мұң мен өткенді аңсауы арқасында әр елдің тыңдаушыларының көңілінен шыққан.
Оқиға қарт музыканттарға арналған "Casa Verdi" үйінде өрбиді (шындығында, композитордың өзі негізін қалаған). Қартайған әнші Фальстафтың жүрегін махаббат қиялы тербейді. Қойылым Дж. Вердидің соңғы операсы мен оның қайырымдылық қызметі арасындағы көзге көрінбес байланысын жасап, композитордың мұңлы шерінің жалпы ахуалы мен терең ізгілігіне баса назар аударады. Қоюшы режиссері - Дамиано Микелетто, суретші-сценографы - Паоло Фантин, костюмдер бойынша суретшісі - Карла Тети.
Ақсүйек бонвиван Джон Фальстаф мырза рөлін әлемдегі ең үздік орындаушы - харизмаға толы Амброджо Маэстри басты партияда жарқырайтын болады. Вокалистті танымал еткен Фальстаф партиясындағы аты шулы дебют 2001 жылы Ла Скала театры труппасының қатысуымен Буссетодағы Джузеппе Верди Театрының тарихи сахнасында Дж. Вердидің қайтыс болуының жүз жылдығын атап өткен сәтте орын алған еді. Оның орындауындағы бейненің жеткізілуі халықаралық баспасөзде шаттыққа толы пікірлер тудырып, ең мәртебелі әлемдік опера театрларының есігін айқара ашты. Джон Фальстаф мырза рөліндегі 200-ден астам керемет өнер көрсетулер әлемнің аты шыққан 30 сахнасында орасан жетістікпен өтті.
Форд бейнесінде Массимо Кавалетти, Алиса Форд ханым - Кармен Джаннаттазио, Нанетта - Роза Феола, Мэг Пейдж ханым - Аннализа Строппа, Квикли ханым - Ивонн Наф, Фентон - Франческо Демуро, дәрігер Каюс - Лука Касалин, Бардольф - Франческо Касторо, Пистоль - Габриэле Сагона көрермен алдына шығады. Ла Скала театрының әртістері спектакльдің қоюшы дирижері - қазіргі заманның атақты маэстросы Зубин Метаның жетекшілігімен өнер көрсетеді. Хормейстері - Бруно Казони.
Л. ван Бетховеннің ғаламат №9 Симфониясын "Астана Операның" Үлкен залы сахнасында 7 және 9 қыркүйек орындайтын болады. Ұлы неміс композиторы өзінің бар шығармашылық өмір жолында туындыны жасау идеясын ойластырып, Ф. Шиллердің «Шаттық» одасының музыкасы негізіне салуды ұзақ жылдар бойы аңсап келген. Монументалды әрі эпостық туындыда батырлық идея жүзеге асып, тартыс пен жеңіс тақырыбы ұсынылған, терең ой мен жаңашыл шешімдердің молдығы сезіледі. Музыкалық өнер тарихында алғаш рет симфонияға вокалистер тартылған. Бетховеннің шығармашылығын аяқтаған опустың соңғы бөлігі Еуроодақтың әнұранына айналған, бұның өзі ерекше мәнді жайт.
Дирижерлік пульт басында - Зубин Мета, ол голливудтық "Даңқ аллеясында" жұлдызға ие болып, әлемдік музыкалық өнерге орасан зор ықпал еткен, ауқымды әрі терең опера және симфониялық шығармалардың көпшілікке танымал шебері. Әлемдік классика жауһарын орындауға Ла Скала театрының симфониялық оркестрі мен хоры қатысады, хормейстері - Бруно Казони.
Атап өтер болсақ, Ла Скала театрының Қазақстандағы алғашқы гастрольдері 2014 жылы Астана күнін мерекелеу қарсаңында - 30 маусымнан 4 шілде аралығында өткен еді. Астаналық опера сахнасында алғашқы гастрольге келген миландық театрдың балет труппасы Р. Нуриевтың қойылымындағы Л. Минкустың "Дон Кихот" балетін астаналықтардың назарына ұсынған болатын. Бұдан бөлек, екі театрдың басшылары серіктестік туралы меморандумға қол қойған еді. Билеттер театр сайты мен қала кассаларында қол жетімді.