Желіде белгілі әнші Мейрамбек Бесбаев пен Ғазизхан Шекербеков АҚШ-тың Орландо қаласында концерт өткізбей тастады деген ақпарат тараған еді. Tengrinews.kz тілшісі Ғазизхан Шекербековтің продюсерімен сөйлесіп, оқиғаның анық-қанығын сұрады.
Желіде белгілі әнші Мейрамбек Бесбаев пен Ғазизхан Шекербеков АҚШ-тың Орландо қаласында концерт өткізбей тастады деген ақпарат тараған еді. Tengrinews.kz тілшісі Ғазизхан Шекербековтің продюсерімен сөйлесіп, оқиғаның анық-қанығын сұрады.
Танымал әнші Мейрамбек Бесбаев пен Ғазизхан Шекербеков АҚШ-тағы суреттерін Instagram-дағы оқырмандарымен бөлісіп отырды.
"Адам көп саяхаттаған сайын өмірге көзқарасы өзгеріп құлшынысы артады деседі. Ал мен өмірді жақсы көремін", - деп жазды Ғазизхан Желіде.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Кейін Facebook-те Айжан Хамит (Aizhan Khamit) есімді қолданушы әншілер Орландодағы концертке келмей қалғанын жазды.
"Мына жақта масқара болып жатыр. Мейрамбек Бесбаев пен Ғазизхан Шекербеков Американың Орландо қаласындағы қазақтарға концерт өткізбекші болған. Қазақтар мәз, неше түрлі штаттардан келген, билеттерді сатып алған, енді мына екі жұлдызымыз концертке келген жоқ. Қазақтар телефон соқса, ойбай, концерт па деп, дым білмегендей отыр. Сонда мына видеоны кім жасаған? Екі ортада ұйымдастырушылар кінәлі болып қалды, залдың ақшасын өз қалтасынан төлеуге мәжбүр болды. Жігіттер, мыналарың ұят енді. Мына жақта ерігіп жүрген адам жоқ, барлығы жұмыс істеп ақша тауып Қазақстандағы туыстарын асырап жатыр", - деп жазған ол.
Ғазизхан Шекербековтің продюсері осы оқиғаға қатысты пікір білдірді.
"АҚШ-та Данияр деген жігіт бар. Ол "кездесу ұйымдастырамыз, өзім толық күтіп аламын, апаратын жерге апарамын, қыдыртамын" деді. Біз "жарайды" дедік. Кездесу концерт есебінде өтетіні түсінікті ғой. Мысалы, Огайода 20 адаммен отырыс секілді өтті. Ал Нью-Йоркте қайырымдылық концерті өтті. Ол туралы бізге айтылды. Концерт болатынын, ақшасы қайырымдылыққа кететінін айтты", - деді ол.
Әншінің өкілінің айтуынша, еш жерден ақша алмаған.
"Еш жерден бір теңге алған жоқпыз. Аламыз деп те бармадық. Наурызға қатыстық. Ол жақтан да ақша алмадық. 4-і күні Орландода, 2-сінде Филадельфияда концерт болды. Ол жақта концерт залында өтті. Одан да ештеңе алмадық. 1,5 сағаттық шара өтті. Сол күні түнде ме, Орландоға ұшу керек болды. Ал Орландодан тіке келетін билет біздің Стамбулға кететін билетпен бірдей екен. Транзиттік сияқты болып кетті. Үлгере алмай қалуымыз да мүмкін еді. Тәуекел болды. Орландодан ешқандай ақша алып қойған жоқпыз. Даниярға бара алмайтынымызды айттық, ол әрі қарай түсіндірді. Орландоға барар бір күн бұрын үлгермейтінімізді білдік. Ұйымдастырушылар дұрыс есептемеген", - деді продюсер.
Ол "Билет сатылды ма" деген сұраққа былай жауап берді:
"Ол жағын білмейміз. Біз билет сатқан жоқпыз. Қаржылық жағына араласпадық. Елу немесе жүз адам болса, концерт залында ұйымдастырды. Жиырма адам болса, мейрамханада кездесу форматында өтті. Ешқандай гонорарға келіскен жоқпыз. Алсақ, берген адам айтар еді ғой. Америкада бізді алып жүрген Данияр деген жігіт болды. Ол бізге ақша беремін деп келіскен жоқ. Біз оған тегін деп айттық. Ол алса, өзі жауап беруі керек шығар", - деді әншінің өкілі.
Ол АҚШ-қа ешқандай гонорарға келісіп бармағанын жеткізді.
"Билетімізді өзіміз сатып алдық. Данияр бізді сол жақтан күтіп алуы керек болды. Күтіп алды, басқа қалаларға апарды, қасымызда жүрді, кездесулерді ұйымдастырды. Бірақ біз Даниярдан Қазақстанда жүрген кезде ақшаға келіскен емеспіз. Барғаннан кейін де ақша алу ұят еді. Демек, Данияр өзі ұйымдастырған жерлерден гонорар алған. Ол қасымызда жүрді, мюзиклдарға кірген кезде билеттерді алып берді. Былайша айтқанда, қыдыртты", - деді ол.
Ол арада ақша туралы келісім болмағанын айтты.
"Бізге кездесулер деп айтты. Біз кездесу болатынын біліп бардық. Концерт секілді Наурыз болатынын айтты. Оған бардық. АҚШ-тағы барлық шараны Данияр ұйымдастырды. Барғаннан кейін Данияр ақша алып жүргенін естідік. Бірақ арада ол туралы келіспегесін, ештеңе айта алмадық", - деді ол.
Ол "Оқиғаны ұйымдастырушыларға түсіндірдіңіздер ме" деген сұраққа былай жауап берді:
"Кететін күні Орландода ұйымдастырушылар концертке 50 адам келеді деп хабарласты. Біз үлгермейтінімізді, келесі жолы келетінімізді айттық. Адамдарға билет сәйкес келмейтінін түсіндіруін сұрадық. Халықаралық рейс болғасын, ертерек тіркеуден өту қажет болды. Ұйымдастырушылар уақытты ескермеген. АҚШ-та бізбен сөйлескен Данияр, ал әрі қарай әр қаланың ұйымдастырушылары болды. Біз олардан кешірім сұрап, келесі жолы келетінімізді, ақша сұрап жатпағанымызды айттық", - деді ол.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!