Белгілі әнші Серік Ибрагимов ER-BATYR жобасының жаңа қонағы болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Белгілі әнші Серік Ибрагимов ER-BATYR жобасының жаңа қонағы болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жүргізуші Тимур Балымбетовке берген сұхбатында ол неге өз әндерін жиі орындамайтыны, ата-анасынан не үйренгені, өмірдегі басты қуанышы, арманы туралы айтты. Жобаның жаңа шығарылымын ER-BATYR YouTube арнасынан тамашалай аласыздар. Жоба серіктесі - ALTEL мобильді операторы.
Жоба қонағы неге өз әндерін орындамайтынына жауап берді.
"Мен басында Құрманай Бақтиярқызының сөзіне жазылған "Жаяу", Ғалымбек Есембергеновтың "Вокзалда қауышқан қыз" секілді әндердің арқасында танымал болдым. Басқа әртістердің әндерін орындауға келер болсақ, олардан "ұрладым" дей алмаймын. Олар бәрінен хабардар, ән авторларынан орындауға рұқсат сұрадым. "Қыз бала" әніне келетін болсам, бұл әннің де авторларынан орындауға рұқсат сұрадым. Өзбекстандық әнші Шахрукханға: "мен қазақ тілінде айтайын, сен өзбек тілінде айт" деп ұсындым. Бірақ ол ақша сұрады, әрине, мен намыстандым. Ақыр аяғында композитордың ұлынан рұқсат сұрадым. Ол бұған келісті, бірақ Youtube желісіне Шахрукханға рұқсат бергенін ескертті. Кейін біздің клип қаралым жағынан оны басып озған кезде, бізді бұғаттап тастады. Мен неге бұлай істегенін түсінбеймін. Мысалы, Қырғызстанда менен "Үйлендім мен" және "Жаяу" әндерін орындауға рұқсат сұрады, мен рұқсат бердім. Онда тұрған не бар? Музыка мен ән - ортақ", - деді ол.
Әнші ата-анасы өмірде не үйреткені туралы әңгімеледі.
"Біз "әке" деген бір ауыз сөзден ығатын кезде өстік. Мектеп кезінде анам оятқанда, ұйқыдан тұрмайтын едік. Бірақ әкем "тұр" десе, бірден атып тұратынбыз. Әкеміз әзілдегенді ұнатады. Ол: "менің балам Секентай кәмпит жемейді" деген кезде, ол кезде кәмпит те онша көп емес, оның сөзіне сеніп, жемейтінбіз. Ата-анамыз үйреткен ең басты нәрсе - адал болу, шыққан тегіңді ұмытпау, қарапайым болу, еңбек бәрін жеңетінін есте ұстау, ешкімге жамандық жасамау, өзгенің затын алмау", - деді әнші.
Серік Ибрагимов өз арманы туралы айтты.
"Армансыз адам - қанатсыз құспен тең" демекші, менің де арманым бар. Менің арманым - бала тәрбиелеу, олардың бақытты сәтін көру, ата-анамызға қамқорлық жасау. Менің ойымша, бұл - өмірдің басты қуанышы. Қалғанының бәрі - жалған, уақытты текке құрту. Карантин кезінде бұған көзім жетті", - деді ол.
Жобаның Instagram-дағы ресми парақшасы - erbatyrkz.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!