16 қазан 2018 | 17:55

Севильдік шаштараз елорда тұрғындарын тамсандырды

ПОДЕЛИТЬСЯ

Севильдік шаштараз елорда тұрғындарын тамсандырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Иконка комментария блок соц сети

Севильдік шаштараз елорда тұрғындарын тамсандырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Астана Опера" сахнасында орасан зор жетістікпен "Севильдік шаштараз" операсының премьерасы өтті. Залда ине шаншар жер қалмады, толассыз ду қол шапалақ соққан көрермендер әртістерге гүл сыйлап, қошеметін көрсетті, ал "Браво" деп үн қатқан дауыстары 15 минут бойы сахнада қалықтап тұрды.

Италиялық композитор Джоаккино Россинидің операсын танымал қазақстандық әртістер, сонымен қатар Италиядан шақырылған тенор Федерико Буттаццо орындады. Фигаро партиясын атақты баритон Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин ұсынды. Әнші үшін осы партияны орындаудың екінші күні болса да, оның дауысы қалықтап, жарқын вокалдық бояулары тыңдарманның құлақ құшырын қандырды. Фигароның рөлі жетекші солистің репертуарындағы ең маңызды партиялардың бірі екені сөзсіз.

Граф Альмавива бейнесінде Федерико Буттаццо өнер көрсетті. Италиялық тенордың аталмыш партияны қырықтан астам рет орындағаны белгілі, осыншама мол тәжірибеге ие бола, "Астана Опера" сахнасында Ф.Буттаццо қойылым барысынан ләззат алды, бұл оның еркіндігінен, тамаша вокалдық дайындығынан байқалды.

Александр Красиковтың сомдауындағы Бартоло тіптен керемет болды, әнші бұл рөлде жаңа қырынан ашылды, ал А.Красиковтың шығармашылық жолын бақылауда ұстайтын жандар әртістің орындаушылық тұрғысынан өскендігін атап өтті.

Башқұртстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Альфия Каримованың орындауындағы Розина ерке назды, қылықты әрі аздап адуынды қыз болып шыға келді, оның теңдессіз дауысын тыңдарман қауым алғашқы нотасынан-ақ таныды. Сүйкімді Альфия Каримова ойнап қана қоймай, сонымен қатар сахнадағы бар әрекетті өн бойынан өткізіп, сол сахнада ғұмыр кешкендей. Тайыр Тәжінің ұсынған Базилио партиясы бейнеге сәйкес дүниеқор әрі сараң болды.

Т.Тәжінің дауысы ерекше шырқалды. Әртіс Абай атындағы МАОБТ сахнасында өнер көрсететіні белгілі, Алматы тыңдаушылары оны ұлттық репертуардың үздік орындаушысы ретінде біледі, алайда "Астана Опера" сахнасындағы өнерінен байқағанымыздай, Россинидің репертуары да әртістің оң жамбасына келеді. Италиялық
тегі бар болашағы жарқын әнші Малика Минизини елордалық көрермен назарына Берта партиясын ұсынды - жас болса да, доктор Бартолоның үй шаруасындағы кәрі қызметшісінің бейнесін дәл сомдай алуы ерекше жағдай.

Сөзсіз, бұл меццо-сопрано Малика Минизинидің керемет актерлік шеберлігін білдіреді, ал оның дауысы зор күш-
қуат пен көркемдікке ие. Фиорелло - Ержан Саипов пен офицер - Шыңғыс Расылхан өз рөлдерін өте жоғары деңгейде орындап шықты.

Әйгілі маэстро Алан Бөрібаевтың жетекшілігімен оркестр ерекше дыбысталды: ашық, жарқын әрі біртұтас. Музыканттар мен хор әртістері де көрермендердің ыстық ықыластарына бөленді. Оркестрдің асқан шеберлікпен орындаған увертюрасы жайлы бірер сөз айтқымыз келеді.

Музыка танушылардың сөзінше, бүгінгі таңдағы операның орындалуы кезінде біздің еститін увертюра түпнұсқа болып табылмайды, яғни бұл әуел баста болған кіріспе шығарма емес. Ол увертюра танымал испан әуендерінен құралған попурри болған. Оның партитурасы операның алғашқы орындалуынан кейін ғажап жағдайда жоғалып кеткен. Өзінің жалқаулығымен танымал болған Россини сандықтың түбінен қазіргі күнде ұмыт болған "L'Equivoco stravagante" ("Ғажап оқиға") операсына жеті жыл бұрын жазған ескі бір увертюрасын алып шыққан.

Осы кіріспе шығарма "Аврелиан мен Пальмира"және "Елизавета, Ағылшын ханшайымы" опералары үшін увертюраларды қысқарту кезінде пайдаға асқан.

Десе де, оның жанды әрі жеңіл әуендері Ағылшын ханшайымы туралы трагедияға сай болмаса да, "Севильдік шаштараз" операсына керемет үйлеседі, кейбір музыкалық сыншылар осынау увертюраның музыкасынан Розина мен Фигароның музыкалық бейнелерін көргендей әсерде қалған.

Премьера қарсаңында "Астана Опера" директоры Ғалым Ахмедьяров атақты италиялық
шеберлер - сценограф Эцио Фриджерио мен костюмдер бойынша суретші - "Оскар" сыйлығының лауреаты Франка Скуарчапиномен бірге елеулі жұмыс атқарылғандығын атап өтті.

"Алғаш рет көрермен назарына соңғы заманауи технологияларды қолдана отырып, сценографияны ұсындық. Мысалы, бұдан былай барлық декорациялар автоматты түрде қозғалатын болады. Театрымыздың афишасында әлемдік репертуардың інжу-маржаны - "Севильдік шаштараз" операсының пайда болғанын мақтан тұтып, қуанудамыз, - деді ол.

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Валюта бағамы

 498.59   521.12   4.87 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети