23 мамыр 2022 | 19:59

Түркістан театрында "Қорқыт туралы аңыз" атты спектакльдің тұсаукесері өтті

ПОДЕЛИТЬСЯ

21-22 мамырда Түркістан музыкалық драма театрында "Қорқыт туралы аңыз" атты пластикалық спектакльдің тұсаукесері өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Иконка комментария блок соц сети

21-22 мамырда Түркістан музыкалық драма театрында "Қорқыт туралы аңыз" атты пластикалық спектакльдің тұсаукесері өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Театр алғашқы ашылған күннен бастап-ақ өзінің негізгі концептуалдық ұстанымында түркі әлемін, оның ішінде қазақтың мәдениеті мен болмысын күллі шартарапқа паш етуді мақсат тұтқанға ұқсайды. Оны біз театрдың бұрынғы қойылымдарынан анық байқаймыз. Дулат Исабековтің "Бөрте" спектаклі, Талаптан Ахметжановтың "Махаббат мұнарасы", Роза Мұқанованың "Фаризасы", енді міне, Ермек Аманшаевтың "Қорқыт туралы аңызы".

Қорқыт ұлы ойшыл, күйші, жырау ғана емес, Қорқыт мәңгіліктің образы, өшпес рухтың символдық бейнесі, өмір үшін күрестің концистенциялық күші.  Ондай тұлғаны сахнаға шығаруға екінің бірінің жүрегі дауалай қоймас. Себебі мұндай күрделі бейненің қай қырын алсаң да, басқа тұстарын, өзге таланттарын бірге қамтымасаң, жасаған образың көмескіленіп, толыққанды болып шықпайды.  

Десек те, Түркістан музыкалық драма театрының басшысы Айнұр Көпбасарова бұл тәуекелге барды. Барғанда да батыл барды. Қорқыттың жекелеген қырларына акцент жасамай, тұтастай өмірлік күресі арқылы оның фәлсафасын ашуға тырысқан.

Спектакльдің ерекшеліктерінің бірі - қойылым әлемдік театр өнерінде енді ғана орныға бастаған жаңа пластикалық би жанрында қойылып, онда классикалық балеттің нышандары шебер өрілген. Опералық партиялар да үйлесімін тапқан. Әртүрлі жанрлардан синтез жасау, көне мен жаңаны үйлестіру әдісі музыка өнерінде жиі кездесетін құбылыс. Мәселен, фолк-рок кең етек жайған жанр. Алайда, театр сахнасында, әсіресе қазақтың классикалық театрында мұндай араластыруды құптай бермейтін. Театр ұжымының қойылымға батыл кірісті дейтінім де сол. Одан спектакль еш ұтылған жоқ. Керісінше, ұтты. Соның арқасында  болар, Қорқыт сонау көне заманнан тіріліп келгендей, көз алдыңда бір сағатқа пайда болып, қайта ғайып болғандай күй кешесің. Оған бізді, көрермендерді, әрине, алдымен дайындап алды. Қойылым басталар сәтте жалғыз қобызшының бұрышта отырып мұңға толы күйді орындауының өз мақсаты болған сыңайлы. Зарлы әуен залда отырғандарды транстық жағдайға түсірді. Сол арқылы авторлар көрерменнің көңіл-күй пернелерін өздеріне қажетті биоритмге келтіріп алды. Болды, осыдан соң көрермен толықтай дайын, енді бастауға болады. Шымылдық түрілді.

Ежелгі адамдар образындағы бишілердің ырғақты биі, кеудеңді үрей мен қорқынышқа, алай-түлей сезімге толтыратын екпінді музыка, сұр түсті тастарға толы сахна көріністері есіңді жиғызбастан сол заманның бізге беймәлім атмосферасына жетелеп алып кетеді де, соңғы актісінде Қорқыт қайта аспанға ұшып, одан соң жаңбыр жауып жер жаңарғанша санаңды уысынан бір сәтке де шығармайды.

Сөз жоқ, бұл әрине қоюшы режиссер Константин Семеновтың шеберлігі.  Әу баста классикалық балет өнеріне машықтанған, бірақ қысқа мерзім ішінде пластикалық би өнерін толықтай меңгерген, тұтастай қазақ жастарынан құралған балет труппасын қалай атап кетпейсің? Олардың әр қимылы, әр ырғағы мен қозғалысы, тіпті білінер-білінбес демін алған тыныстарының өзі сол заманның тылсымға толы сырларынан хабар бергендей. Сахна кейіпкерлерінің бұлтыңдаған бұлшық еттері бірде тас болып қатайып, бірде әр буыны тал шыбықтай майысуы, тағы қас қағым сәтте бүкіл денелерімен жыланша жерде иірілуі, бет-жүздерінің мимикасы мен сезімге толы жанарлары, бәрі де шынайы. Кәдімгідей оқиғаның қақ ортасында жүргендей күй кешесің. Бұл енді жарық қоюшының еңбегі. Өкінішке қарай қазақ сахнасындағы көпшілік қойылымдарда актерлардың шебер ойыны осы жарықтың нашар қойылуынан әсерсіз болып жатады. Бұл бұрыннан шешімі табылмай жүрген проблема. Түркістан театры болса бұл компонентті де толыққанды пайдалана білді. Айтпақшы, қойылымды жарықпен әрлеген "Золотая маска"  фестивалінің  жеңімпазы Татьяна Мишина.

Бізге беймәлім дәуірдің сыры мен сипатын жеткізу үшін қойылым авторлары видео контент элементін де шебер пайдалана білген. Бүгінге дейін театрда музыка мен би ғана ешбір тілді қажет етпейтін өнер деп есептеліп келді. Енді оған тағы бір өнер қосылды деуге әбден болатын шығар. Ол - мультимедиалық әрлеу. Оның шексіз мүмкіндіктерін осы спектакльден де анық байқайсың. Қойылымның мультимедиялық контентін жасаған суретші Сергей Рылко сахнадағы қойылымды әсерлі етумен шектеліп қалған жоқ, оқиғаны экран арқылы жалғастырып әкетіп, кульминациялық тұстарын одан бетер күшейтіп, шарықтау шегіне жеткізіп  отырды. Соның арқасында найзағайдың жарқылы да, айнала маңайға қара түнектің орнауы да, жердің қайта жаңарып жаңғыруы да, бәрі де нанымды әрі әсерлі болып шыққан. Сондай-ақ, сахнада салтанат құрған би мен қобыз сарынына операда сирек кездесетін меццо-сопрано дауыс иесі Малика Минизинидің қатысуы нағыз эксперимент болды.

Ал қойылымның музыкасы тіпті ғажап! Әсерлі деген бір ғана сөзбен жеткізе алмассың. Қорқыт туғанда-ақ  дүниені алай-түлей дауылдатып, жауындатып, жай ойнатып, адамдарды үрейге орап келген деседі. Талантты композитор Хамит Шамғалиев бұл сәтті бүкіл әлем толғатқандай етіп жеткізе алды. Сол уақытта  сахнаға өлім иесі Марту шығады, қара түнек пен жарық дүние арпалысқа түседі. Екі алып күштің тіресін тамашалап отырып туу бар жерде, өлім де бар екенін еріксіз еске аласың. Еске аласың да мойындайсың. Сахнадағы кейіпкерлер де қиналады, қарсыласады, бірақ ақыры мойынсынады. Тек Қорқыт емес бас иетін. Оған тізе бүгу жат нәрсе. Ол әрекеттің адамы. Барынша күреседі, алысады, арпалысады, өлімнен қашуға асығады. Ақыры құтылмасын сезген ол, алып қарағайдан ойып қобыз жасап адамзат баласына ғажап әуезді үн сыйламақ болады. Себебі, оның өмір бойы іздеген Жерұйығы жер бетінде емес, адамдардың ішкі дүниесінде, жүрегінде екенін түсінеді. Сол әр пенденің ішінде жатқан мекенді сұлулыққа толтыру үшін Қорқыт өзінің қобызын аманат етіп қалдырады. Осы сәтте спектакльдің өн бойында ойнаған үрейге, қорқынышқа, шарасыздыққа толы музыкаға қыл қобыздың сазды үні енеді. Жер қайта түлеу фазасына өтеді. Осылайша, басында шексіз шерге толы болып басталатын драма оптимистік ноталармен аяқталады.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Валюта бағамы

 494.98   521.17   4.92 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети