Реклама +7(700) 388 81 09
  1. Басты
  2. Оқы

Тазы болып шалуды білмейміз - "бокс, бокс" деп әлі жүрміз

Тақырыбындағы жарияланымда онлайн оқу ✅ Тазы болып шалуды білмейміз - "бокс, бокс" деп әлі жүрміз ⚡ Tengrinews.kz жаңалық порталынан өзекті тақырыптағы қызық әрі маңызды ақпараттарды оқыңыз.
  • ПОДЕЛИТЬСЯ
  • Қате таптыңыз ба?

"Бокс, бокс" деп жүрміз, әлі. Олимпиадаға аялап, әлпештеп 9-10 спортшы апарамыз, жалғыз-ақ алтын аламыз. Осылай, қанша Олимпиада өтті. Төрт жыл соларды баптаймыз. "Сүйектің" майлысын, "еттің" жұмсағын өзгелерден жырып, солардың аузына тосамыз...

Ал ана Американы қараңыздаршы. Медалі мен жүлдесі көп спорт түріне иек артады. Біз сияқты өзгелерден бөле-жара баптаған саңлақтары бірнеше алтын әпереді. Бір Фелпстің өзің Риода 5 алтын, 1 күміс алды. Жалпы, жүзу спортынан 16 алтын, 8 күміс, 9 қола олжалады. Барлығы - 33 медаль, 33! Бесеу-ақ емес!

Дәл осы Америка Бразилиядағы Олимпиадада жеңіл атлектикадан 10 алтын, 9 күміс, 8 қола еншіледі. Барлығы - 27 медаль!

Әрине, жүзу спорты мен жеңіл атлетикада бірден Америкамен "жағаласа" алмаймыз. Мәселен, жеңіл атлетиканы алайық. Қысқа қашықтықтарда Ямайка және Америкамен, алыс қашықтықтарда Кения және Эфиопиямен тайталасу мүмкін емес, әзірше. Сондықтан жеңіл атлетиканың техникалық түрлері мен орта қашықтықтарға мейілінше көңіл бөліп, қолға алуға болар еді.

Сондай-ақ Америка мен Қытай әлі "көз сала" қоймаған тағы бір спорт түрі бар. Онда да сарапқа салынатын медальдар саны - өте көп. Ол - ескек есу спорты. Мұнда еуропалықтар ойран салып жүр.

Байдарка мен каноэде ескек есуден Германия дес бермейді. Немістер Риода 4 алтын, 2 күміс, 1 қола алды. Біздің мадияр бауырларымыз да "алтын шыққан жерді белден қазып" келеді. Олар Риода 3 алтын олжалады.

Академиялық ескек есуде Ұлыбританияның айдарынан жел есіп тұр. Риода олар 3 алтын, 2 күміс алды. Немістер 2 алтын, 1 күміс иеленді.

Осыны Сидней Олимпиадасынан кейін де мезгеп өттік, Бейжің Олимпиадасынан кейін де талдап жаздық. Қарапайым журналисті кім тыңдасын!? Елеген ешкім жоқ. Дәулет Тұрлыханов Афины Олимпиадасынан кейін ескек есу спорттына ден қойып, Еуропадан бір бапкер әкелмек болған. Бірақ бұл ісін жүзеге асыра алмай, басшылықтан кетті.

Әлқисса, "бокс, бокс" деп, әлі жүрміз. Өркениетті елдер боксты баяғыда қойған. Олар медалі мен жүлдесі көп спорт түрлеріне көп көңіл бөледі...




Join Telegram