Бұның қалай, Баха!
...Мен сені сонау 2004 жылы көріп едім, Баха! Сен ол кезде Карим акамызбен Өзбекстаннан қашқандай болып әзер жетіп, Азат Перуашевтің қолтығынан пана тауып жатыр едің... "Өзағаң" өзектен теуіп, әлемдік додаларға маңайлатпай қойғанда, бір кездері Азаттың да бапкері болған Карим ака сені атажұртыңа әкеліп, қазақтың қас батыры жасаймын деп жанталасқанын да білемін. Ол - Азаттың ғана емес, сенің де бапкерің еді ғой. Азекең "жылы-жұмсағын" сенің ғана аузыңа тосушы еді ғой... Тіпті, "Бақыттың тойын өзім жасап беремін" деп отырғанын да өз құлағыммен естіп едім. Алғашқы машинаңды да сол Перуаштың немересі алып бермеп пе еді? Тұратын жерің жоқ, партияның кеңсесіне түнеген күндеріңді қалай ұмытқаныңа таң болып отырмын. Сен үшін кеңсе астынан жаттығу залын да ашып тастап еді-ау, Азекең! Ол кезде сен Олимпиада чемпионы емес едің... Қазақстан құрамасына жолатпай, кеудеңнен итергендермен жаға жыртысқан да сол Азат еді ғой... Енді міне, қайдағы бір пәтер үшін бапкеріңмен соттасып жатырсың... Азат туралы да ғайбат сөз айтыпсың. "Күшік асырап ит еттім, ол балтырымды қанаттының" керін келтіріп жатқаның қалай?