ЖУРНАЛИСТ ТУРАЛЫ 10 МИФ немесе кәсіби мерекемен құттықтау орнына
1 миф. Қазіргі журналистер сауатсыз. Жазғанында қателер өріп жүреді.
Біздің мамандық ең көп сыналатындар санатында. Ол түсінікті де. Өйткені, жазғанымыз газет, интернет бетінде көрініп тұрады, теледидардағы сюжетіміз, радиодан сөйлегеніміз естіліп-көрініп тұрады. Көрініп, естіліп, оқып отырған нәрсеңді сынау қашан да оңай. Ал, мәселен, неліктен бухгалтердің жұмысын сынайтындар аз. Өйткені, бухгалтердің жұмысын тек бухгалтер ғана сынауға кәсіби білімі жетеді. Оның үстіне бухгалтерлік есептер жалпыға жария болмайды. Тек өз араларында. Жұмысы жалпыға жария журналистерді сауатсыз деп сынау оңай. Мәселен, ғарыш айлағында инженер-конструктордың жұмысын жалпы жұрт сынап жатқанын елестете де алмайсыз. Оның үстіне қазір ерінбеген адам сайт ашып, ойына келгенін жазатын болды. Ол журналистика емес және сайт ашқанның бәрі журналист емес.
2 миф. Телевизиядағы көрсетілген хабардың бәрі көшірме. Бәрі Ресейдің көшірмесі. Төл бағдарлама ойлап табуға миымыз жетпейді.
Телевизияның спецификасын білмейтіндердің жалған пікірі. 250 миллион теленарыққа тарайтын Ресейдің телевизия тарихында екі ғана төл бағдарлама бар. Бірі "Что? Где? Когда?" бағдарламасы, екіншісі, "КВН". Одан өзге Ресей телевизиясында жасалғанның бәрі көшірме. ТВ индустриясы әлдеқайда алға кеткен АҚШ, Британия, Голландия елдерінің телевизиясынан келген көшірме. Қазақ телевизиясында да төл бағдарлама бар деп санаймын. Ол айтыстың теленұсқасы.
3 миф. Журналистер кедей халық.
Қай мамандықпен салыстырғаныңа байланысты. Ең табысты мамандықтар тізімінде әлбетте қызмет көрсету саласы тұрады. Ол дегеніміз шағын және орта кәсіпкерлік. Одан кейін мұнай және банк қызметкерлері. Ең беделді шығармашылық мамандық иелері қатарында бәрібір журналистер тұрады. Оның ішінде көбіне телевизия журналисті. Себеп түсінікті. Қалай десек те, танымалдылық капитал. Телевизия журналистін кейде кеш жүргізуге шақырады, қазылар алқасында болуға шақырады, танымал болсаң, көп мәселең оңай шешіледі. ЕҰУ журналистика факультетіне былтыр құжат тапсырғанның 12-сі "Алтын белгімен" бітіріп келгендер. Демек, мамандық әлі де беделді, әрі табысты. Бәрі өзіңе байланысты. Кедей болғысы келмейтіндер кедей болмайды.
4 миф. Қазақстанда сөз бостандығы жоқ.
Бәрі салыстырмалы түрде. Егер интернетте, әлеуметтік желілерде билікті сынап,"үкімет қайда қарап отыр?", "әкімдер түк бітіріп отырған жоқ" деген сыңайдағы мәтін жаза алсаңыз сөз бостандығы жоқ деген тұжырымыңызға тек мырс етем. Заңға сәйкес интернет пен әлеумжелі де БАҚ санатына жатқызылған.
5 миф. Журналистер сатылып кеткен, біреудің сойылын соғады.
Журналистер періште емес. Олар да пенде. Бірақ басқа мамандықтармен салыстырғанда журналистер пара алып, ұсталыпты, мол көлемде ақша жымқырыпты дегенді естімейсіз. Олар мемлекеттік органда жұмыс істемейді десеңіз қателесесіз. Акционерлік қоғам болса да квазимемлекеттік саналатын мекемелер көп.
6 миф. Журналистика 4-ші билік.
Журналистика ешқандай да билік тармағы емес. Конституция бойынша заң шығарушы, атқарушы және сот билігі ғана бар. Ал, төртінші деп жай ғана журналистердің мәртебесін көтермелеу үшін жай айта салған болу керек. Журналистика, ол - журналистика. Ол қоғамдық пікір тудырушы. Ал, билік шешім, қаулы, бұйрық шығарады. Журналистика шешім шығармайды.
7 миф. Газет өледі.
Газет өлмейді. Бірақ таралымы кемиді. Өйткені, ақпаратты тек интернеттен ғана тұтынатын ұрпақ өсіп келеді. Ал, газет нұсқа архивтерде сақтау үшін болса да керек. Өйткені, интернетте сақталатын ақпаратқа сенім жоқ. Сервер сынды дегенше ақпарат жоғалды дей бер. Одан кейін газет интернет желісі ұстамайтын шалғай жерлерде оқу үшін де керек.
8 миф. Журналист тек тапсырыспен жұмыс істейді. Халықтың жоғын жоқтауды қойды.
"Қазақстан" Ұлттық арнасында жүргенде қызметтік телефоным шырылдады:"Алло, сендер журналистер халық сөзін сөйлеулерің керек. Біз мына Астанаға жақын маңдағы Қоянқұстан жете алмай тұрғанымызға бір сағат болды. Автобус әлі жоқ. Келіп түсіріп кетіңіздерші". "Кешіріңіз, біз республикаға тарайтын Ұлттық телеарнамыз. Республикалық ауқымда сіздің мәселе маңызды емес-ау", дедім. "Өй сендер журналистер сатылып кеткенсіңдер. Халықтың сөзін сөйлемейсіңдер" деп тұтқаны қоя салды сабазың. Егер сіздің автобусты ұзақ күткеніңізді біз материал етіп түсіре алмағанымыз үшін "сатылып кеткен" деген айыптауларға ұшырап жатсақ, солай-ақ, болсын ендеше.
9 миф. Қазақ тілді журналистер орыс тілділеріне қарағанда осалдау.
Бұл жаңсақ пікір менің езуімді тартқызғаннан басқа еш эмоция тудырмайды. Қазақ тілді журналистер қайта қазақ, орыс, тіпті, ағылшын тіліндегі ақпаратты да оқи алып, сараптай алады. Орыс тілділер тек орысша, ағылшынша ғана оқи және жаза алуы мүмкін. Үш тіл білетін қазақ тілді журналистерді енді кем деп көріңіз. Ал қазақ тілді ақпарат орыс тілдісіне қарағанда аз сұранысқа ие болса, ол басқа мәселе. Қазақстанда қазақ тілі расында да атына сай мемлекеттік тіл тұғырына қонып, қазақ тілді кеңістік кеңейгенде ғана әр саладағы қазақша ақпаратқа сұраныс арта түседі. Әзірге, үш тілге де жетік қазақша журналистер орыс тілділеріне қарағанда мықтылау. Nurmukhamed, Ruslan, Galymzhan мысалы үш тілде де оқи алады. Бірақ қазақша жазады. Ал, орыс тілділері тек орысша ойлайды, орысша жазады. Сонда кім осал?
10 миф. Қазақстандағы журналистердің басы бірікпейді. Кәсіби ауызбіршілік (solidarity) жоқ. Бірін-бірі қорғай алмайды.
Тек Қазақстанда емес, кәсіби ауызбіршілік әлемдегі ешбір мемлекетінде ол жоқ. Өйткені, әр журналист өзін қаржыландырып отырған құрылтайшыға бағынышты. Құрылтайшының келісімінсіз басқа медиамекеменің журналисімен бас біріктіре алмайды. Ал, қорғай алмайды дегенмен келісе алмаймын. Қазақстан журналистер Одағының басшысы С.Матаевқа қарсы сот іс ашқанда отандық журналистер құқыққорғау органдарына арыз жазып, Одақ басшысын қорғауға әрекет жасады.
P.S. Мерекеміз құтты болсын !