Мәңгілік алау немесе ініге хат
"Семейде мәңгілік алау тағы өшіп қалыпты. Оған қаржының жоқтығы себеп екен" деген ақпаратты оқыдық. Өкінішті жағдай. Дегенмен мені естен тандырған осы мәселеге байланысты жазылған, өзім жақсы көретін, болашағынан көп үміт күтіп жүрген Руслан Желдібай бауырымның жазбасы болды. Қазір бәрі ақшамен бағаланатын заман болды ғой. Руслан әлгі алауға жылына қанша ақша кететінін есептеп, Алматыдан басқа қалаларда мәңгілік алауларды өшіріп тастауды ұсыныпты. Сонда бір ғана Семей қаласында үш жүз мың теңге үнемдейді екенбіз. Шынымды айтайын, Русланның бұл ұсынысын өз басым "атаңның басына қойылған құлпытасты құлат" дегендей қабылдадым. "Мәңгілік алау Ресейде ғана бар. Бізге қажеті жоқ " дегенді білімі бізден жоғары - сенің айтатын жөнің жоқ еді, інім! Париждің төрінде бірінші дүниежүзілік соғыс құрбандарына арналған мәңгілік алаудың 1921 жылдан бері сөнбей тұрғанын, оның француздар үшін ең қасиетті орындардың бірі екенін менен гөрі сен жақсы білуің керек еді ғой. Мәңгілік алау - соғыста хабарсыз кеткендердің рухына тағзым ететін орын емес пе? Екінші дүниежүзілiк соғыста он мыңдаған қазақ хабарсыз кетті. Бір ғана Ржевск қаласының түбінде елу мыңдай қазақстандықтың қаза болғанын, олардың кім екенін әлі анықтай алмай дал болып жатқан жоқпыз ба?