Марк Цукерберг немесе "Соқыр Берікке" ашық хат
...Сені біреулер "супер Серік" дейді, біреулер "супер Берік" дейді...Көңіл хошы болмағандар "соқыр Берік" деп те айтып жүр. Қалай десе олай десін, бірақ сен маған ұнайсың. Өзіңе жұмыс істегелі күндіз күлкіге қарық болып, түнде ұйқыдан қағылғанымның несін жасырайын...Виртуалды кеңістіктен екі жарым мың дос таптым. Жасы бар, жасамысы бар сол екі жарым мың менің сырласыма айналды. Айтылмаған әңгіме жоқ. Өнегемен басталған әңгімеміз кейде өсекпен аяқталып жатушы еді. Кейде өзімнің ауылдағы Жаңылхан жеңгеме ұқсап бара жатқанымды аңғарып, тоқтай қалғым келетін. Бірақ, сенің бір сиқырың бар. Фейсбук деген ауылға келген адамның кетуі қиын. Сені қойғаннан темекіні қойған анағұрлым жеңіл ме деймін. Кетсең мына ауыл өсексіз қалатындай алаңдап тұратының да шындық. Жаңылхан жеңгем де солай еді ғой шіркін! Көшенің басынан бастап, әр үйге жарты сағаттан аялдап, өсегін тауысып біткенше кеш бататын. Алда-жалда әңгімесі айтылмай қалса "ауырып" қалатын. Мені де сен "ауырып" қалатын жағдайға жеткіздің. Фейсбукке кірмесем, бірдеңе жазбасам екі жарым мың досым да өкпелеп қалатындай болып көрінеді де тұрады. Жалпы сен шынымен де "суперсің!". Бірақ бетіңе айтайын, бір ғана кемшілігің бар.Менің "шық бермес Шығайбай" бабамнан аумай қалғансың. Адамды "ауру" қылғаныңмен қоймай ақша төлемейсің... Менің түн ұйқымды төрт бөліп жазғаныма сенің "түкіргенің" бар...Сенде сексен бес миллиард доллар бар екен! Маған соның бір долларын да қимадың ғой. Менен гөрі ауылдағы Жаңылхан жеңгемнің жағдайы жақсы. Әр үйге кіріп, өсегін айтып біткенше тамағын тоқтап алады. "Той-пойдың" үстінен түссе пакетін толтырып бала-шағаға ала кетеді. Бұл мәселеде сен шынымен де "соқыр Беріксің!" Сараң Беріксің! Сырымды ұрлап сыртымнан күлген "тыңшы Беріксің!" Қанша қиын болса да кеттім сенен! Қолы ашық қазақтың "супер Серіктеріне" кеттім...Қош-аман-сау бол, екі жарым мың "достарым" менің! Мені іздесеңдер kaz.tengrinews.kz мекенжайынан табасыңдар. "Пештің түбіне бала-шағаны жинап алып фейсбукте әңгіме айтатын" ағаларың – Арман Сқабылұлы.