Министрмен бес сағатқа созылған кездесуден не түйдім?
Кеше астаналық журналистер мен блогерлер, жастар ұйымдарының өкілдері Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевпен кездесу өткіздік. Кездесу 5 сағатқа дейін созылды. Себебі, министрдің кеңесшісі, орта білім департаментінің басшылығы жиналған қауымның пікірін тыңдады. Түсте министрмен кездесу өтті. Қатысқандар өз ойлары мен пікірлерін әлеуметтік желіде жариялап жатыр. Кездесуде өз тарапымнан қазақстандық ұстаздардың проблемаларын да көтердім. Солардың бірнешеуіне тоқталып өтсем:
1. Үштілділік оқыту жүйесіне қатысты мардымды жауап алдым. Бұл бағытта министрліктің позициясы дұрыс. Министрлік бұл жүйеге неліктен көшетіндігін түсінідірді. Үштілді жүйеде қазақ тілінің болашағы бұлыңғыр деп қауіптенудің қажеті жоқ. Қолданыс аясы азайған орыс тілінен гөрі бізге ағылшын тілі маңызды. Сондай-ақ, орыс тілі мен әдебиеті бірігіп, орыс әдебиетінің сағаттары алынып тасталады. Дүние тарихын орыс тілінде оқыту әзірше саясат екені айтпаса да түсінікті болды.
2. Алдағы уақыттан бастап бизнес өкілдерінің мектепке қаржылай қамқорлық жасауы заңдастырылмақ екен. Бұл орайда министрлікке өзімнің жеке ұсынысымды айттым. Менің ойымша бұл жерде миссионерлік немесе өзге де кері тәрбиені насихаттайтындардан абай болғанымыз жөн. Министрлік өкілдері бұл ұсынысты құп алды. Демек, бұл жағы ескеріледі. Ескермесек қиын болатыны анық.
3. Мұғалімдердің ставкасы туралы айттым. Қазіргі уақытта орта білім беретін мектептерде мұғалімдердің ставкасы 18 сағат. Осы 18 сағатты жаратылыстану бағытындағы ұстаздар үшін 14 сағатқа дейін азайтуды ұсындым. Бұл жерде сағаты азайғанымен ұстаздардың жалақысы 18 сағатпен бірдей болып қалады. Гуманитарлық саладағы ұстаздар үшін де ставканы қайта қарастыру керек. Осы арқылы мұғалімдерге ізденіске уақыт қарастырған жөн.
4. Ата-аналар көбінесе ұстаздарға бас салып жатады. Әсіресе уатсап арқылы біріккен ата-аналардың мұғалімдерді жерден алып жерге салуы жиі кездеседі. Көп жағдайда мұғалімдер кінәсіз болып шығады. Бірақ елге жеккөрінішті болатындар мұғалімдер. Мұның басты себебі: Мұғалімдер өздерінің құқығын қорғай алмайды. Заңды біле бермейді. Шулы ата-ананың алдында бұға береді. Құқықтық білімі төмен мұғалімді басынатындар өте көп. Осының алдын алу керек. Заң құқық бұзылған соң қорғау үшін қажет емес. Керсінше адам құқығы бұзылмас үшін қажет.
5. Мектеп директорларының айтқанымен жүретін мұғалімдер жетерлік. Айтқанмен жүретін мұғалімдердің көбісі сырттай оқыған немесе өз білімдеріне сенбейтіндер. Бұл жерде де құқыққа келіп тіреледі. Егер мұғалімнің атқарып отырған ісі дұрыс болса бір рет, екі рет, үш рет құқығың талап етсін. Артық мазаласа заң органдары бар. Сол жерге барсын. Заң мұғалімдер жағында. Өзінің пәндеріне жүрдім-бардым қарайтындар ләппай тақсыр деуге дайын тұрады. Мектеп қабырғасынан шығып директор мен әкімшілік өз шаруасына жұмсады деп ренжиді. Ал. өз ісінің білгірі, білімі мен біліктілігі жететін ұстаз ешқашан директордың қызметтен тыс тапсырмасымен жүрмейді. Директорлар оларды жұмсай алмайды да!
6. Дұрыстап қарасаңыз мұғалімдер арасында қағазбастылықты қолдан жасап отырмыз. Заң бойынша қағазбастылық мүлде жоқ. Расымен де, ешқандай құжатта мұғалімдер мынадай қағаз жазуы міндетті деп көрсетілмеген. Іс жүзінде бар болуының себебі, нені талап ету керектігін білмеуімізде болып отыр. Бүгін мына қағазды, ертең ана қағазды талап еткен сайын мұғалімдер иіле береді. Мұғалімдерден қағаз талап еткен кезде ол қандай негізге сүйеніп отырғанын да талап ету керек.
7. Жоғарыда аталған 4,5 пункттер үшін мұғалімдердің құқықтық білімін арттыру үшін үнемі курстар ұйымдастырып отыруды сұрадым. Ал, қағазбастылықтан құтқару үшін мектептен қағазбен айналысатын бөлім немесе орталық ашу керек. Барлық құжаттар сол жерде сараптамадан өтіп, керек есептер мен баяндамалар сол жерден даярлансын. Әсіресе, ешқандай лабораториясы жоқ мектептерде кемінде 2-5 штатқа дейін лаборанттар бар. Солардың штатын осы мақсатта қайта қарастыру керек.
8. Мектептегі үйірме жұмыстарына тек мұғалімдерді ғана емес, сырттан да өнертапқыштарды тарту қажеттілігін де айттым. Бұл баланың дамуына оң әсерін тигізеді.
9. Мұғалімдердің имиджі туралы айтылды. Ұстаздардың имиджі тоқсаныншы жылдары төмен түсіп кетті. Қазір біздің қоғам әншілердің соңынан еріп жүр. №1 зиялы қауым болып саналатын ұстаздардың сөзі өтпейді. Бұл іске мемлекеттің өзі кінәлі. Мұғалімдердің имиджін көтеру үшін осы уақытқа дейін бір нәрсе жасалған жоқ. Жыл сайын азын-аулақ сыйақы мен грамота ұстатудан әрі аспай жүр. Кешегі өткен Парламент сайлауында депутаттыққа ұстаздар арасынан кемі 1-2 білікті ұстаз сайланбады. Жоғарғы лауазымды қызметке ұстаздарды көтермелеу тіпті жоқ. Мұғалім жұлдыз болуы керек! Сонда ғана бұл салаға құрмет болады. Руханияты әлсіреп қалған еліміз осы жағын қатты ойланған жөн.
10. Білім бөлімдері, білім басқармалары және білім министрлігіндегі чиновниктер тек мұғалімдер арасынан шығуы тиіс. Қазіргі уақытта білім саласында мүлде жұмыс істемеген шенеуніктер білім саласында жұмыс істеп, ұстаздарды әуреге салып жүр. Осыған орай ҚР Мемлекеттік қызмет туралы заң қайта қаралған жөн.
...Міне, осының барлығы министрлікте айтылды.