Неге біздің Украинаға жанымыз күюі тиіс?
Путин Украина үшін Батыспен шайқасқа түсті. Бұл ұзаққа созылады. Бәрі ұтылады. Ең көп ұтылатын Украина болады. Өйткені, ол өзі ештеңені шешпейді. Ресей не дейді, Батыспен қалай келіседі, мәселе соған байланысты. Қалай шешілсе де ол енді бұрынғы Украина болмайды. Қанша жерден «Қақтығыс», «операция» деп жақауратса да, онда болып жатқанның аты – соғыс. Өзіне де, Путинге де маневр қалдыру үшін Батыс бар нәрсені бар дей алмай отырғанымен, Ресейдікінің аты – әскери басқыншылық.
Донбасс пен Луганск енді Украинадағы жай облыстардың бірі болмайды. Бірақ ең жаманы бұл жанжалға Қазақстанды араластыра бастады. Ресейдің ойы әуелден мәлім. Енді айтпаған сөзді айтты деп, бұрын айтылған сөзді кейін айтылғанның жауабы ғып көрсету ісінен аналардың да бізді өзіне жақтас қылмақ ниетін байқап отырмыз.
Ал біздегі жағдай қандай? Нақты зерттеу жоқ болғандықтан, қарапайым жұртшылықтың не ойлайтынын жорамалдап қана айта аламыз. Мысалы, Қазақстанда ресейлік БАҚ-тың кең тарайтынын ескеріп, тегі орыс отандастарымыз Ресейдікін дұрыс санайды деуге болады. Қарапайым қазақтың бұл дауға орыстар сияқты қызығушылығы жоқ және Ресейдің қатысынан хабары аз, сондықтан оны бір елдің ішінде болып жатқан оқиға деп ұғады. Ал халықтың белсенді бөлігіне келсек, мұнда орыстардың бәрін бір топқа біріктіріп, бұлардың ниеті мынандай деу қиын. Сірә, аға буыны Путинді жақтайды, кейінгілері және демократия жақсы нәрсе деп санайтындары оның Украина саясатын қолдамайды. Долбарды тоқтатып, негізгі мәселеге ауысайын.
«Селигерде» Путинге сұрақ қойған қыздың сөзі рас. Украинадағы жағдай Қазақстанда ұлтшылдықтың өсуіне себепкер болды. Біздегі ұлтшылдықтың негізгі бір ғана сипаты бар, ол бізде Ресейге қарсылықты білдіреді. Бір елдің боданынан шыққандықтан Украинаны тағдырлас, мұңдас көреміз де Ресейді ортақ дұшпан түрінде қабылдаймыз. Осы жағынан алғанда Путиннің Украинадағы жағдайға қол сұғуы және «қазақта мемлекет болмаған» деген сөзі, Жириновскийдің «Украинадан соң кезек Қазақстанға келеді» деген сыңайдағы мәлімдемесі біздегі ұлтшылдардың – Ресейге қарсылардың санын көбейтті. Ал бұрыннан ұлтшыл болып жүргендерден мүлдем маза кетті. Путин жеңсе ауырып, Украина жеңсе сауығатын болдық. Украина мәселесі көбіміз үшін өмірдің мәніне айналды.