"Руыңмен у iшпе, қазақ!"
Қазақстан Еуропа мен Азия, жалпы Батыс пен Шығыстың арасын жалғастыратын алтын көпiр болу үшiн, ең алдымен Еуразия кеңiстiгiнде қазақ ұлт ретiнде өзiнiң РУХАНИ және МАТЕРИАЛДЫҚ құндылықтарын көздiң қарашығындай сақтап қана қоймай, оны оңды-солды аты-жөнi жоқ шашпай, жан-жақты заман, уақыт талабына сай пайдалана бiлуi керек. Мiне, ұлттық идея мен идеологияның негiзi сонда жатыр. Бұл алысты-жақынды шетелге өзге емес, тiкелей олардың өздерiмен жариялы да ашық түрде байланысқа шыққанда ғана орындалатын қадiр-қасиеттер. Ендеше, бiзге қай мемлекетпен байланыспайық, араға делдал салмайтындай, ешкiмге жалтаңдамайтындай дәрежедегi экономикалық-мәдени, саяси-қоғамдық тәуелсiздiгi мен егемендiгi толыққанды қалыптасқан мемлекет болуға тиiспiз.
Әрине, Еуразия кеңiстiгiнде өзiндiк отау тiгiп шыққан ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТIЛIГIНЕ қарсы тұрушыларды былай қойғанда, оны ұлт ретiнде жойып жiбергiсi келетiндер де аз емес. Бiрақ олардың қазаққа қарсы күресi заман, уақыт талабына сай су асты ағыстарындай әртүрлi қитұрқы iс-әрекеттер және құбылыстар мен құндылықтар арқылы жүргiзiлуде. Оның бiрден-бiр көрiнiсi – қазiргi әлемдi экономикалық-мәдени, әлеуметтiк-тұрмыстық, қоғамдық-саяси iс-әрекетер арқылы ғаламдастыру терiсiн жамылып келе жатқан жайынқұлық нарықтық қатынастардың адамзатты бiр қалыпқа түсiруге тырысуы. Жалпы, ғаламдастыру деген ұғым-түсiнiк ұлтты жоққа шығарып, жалпыхалықтық, жалпыелдiк, яғни, бiр орталыққа бағынған әлемдiк экономикалық-саяси, қоғамдық-идеологиялық баланстағы қаржылық-интернеттiк жүйе қалыптастырғысы келедi. Яғни бұл Тургеневтiң "Отцы и дети" шығармасындағы Базаров тiлiмен айтқанда, "все люди должны со временем стать между собою схожи, как березы в роще" деген принциптегi, ұлтты жұтып қоятын құбылыс. Әрине, бiз заман ағымы әкеле жатқан ғаламдастырудан еш қашып құтыла алмаймыз. Оған бiз қарсы жүрмесек, ол бiзге барынша қарсы жүрiп, жұтып қояды. Сондықтан да Қазақстан мемлекет ретiнде өзiнiң кiндiк ұлты - қазақтың ментатилетiне тән құндылықтар мен қасиеттердi жоғалтпай, ғаламдастыруды тiк тұрып қарсы алуы керек. Әйтпесе, ғаламдастыру атты түсiнiк-тұжырымды, мақсат-мүдденi, бағыт-бағдарды ұсынушылар орыс философы Константин Леонтьевтiң: "Они (яғни, ғаламдастыру принципiн ұстанушылар – А.Ә) усиливают сходство строя и быта; они ускоряют все общую ассимиляцию нравов… Современная политическая борьба, оканчивая по очереди один за другим все племенные вопросы, приготовляет этим путь республиканскому космополитизму" дегенiндей жағдайдағы қоғамға бiздi ноқталап енгiзуге тырысып-ақ бағуда. Ендеше, әйгiлi философтың өз ұлтына жаны ашып: "Какую же роль должна играть Россия в этой трагедии явного всеразрушения…", – деп толғанғанындай, бiз де Қазақстанның ғаламдастыру атты саяси-қоғамдық құрылымға қалай енетiнiн үлкен-кiшiмiз болып ойлануымыз керек-ақ. Осы тұста менiң есiме өткен ғасыр басындағы қазақ ұлтының тәуелсiздiгi мен егемендiгi үшiн күрескен Мұстафа Шоқайдың: "Халқымыз жай әшейiнгi адамдардың жиынтығы емес, өзiне тән мәдениетi бар қауым (ұлт деген сөз – А.Ә.) екенiн, сондай-ақ, қазiргi жүрiп жатқан саяси талас-тартыстар тек "күн астынан бiр жағрафиялық орын" алу үшiн ғана емес, өз мәдениетiн күллi әлемге, соның iшiнде Еуропаға да таныту екенiн бiлуге тиiспiз. Бiздiң ең басты саяси мiндетiмiздiң бiрi, мiне, осындай", – дегенi ерiксiз есiме түседi. Осы бiр қанатты қағидаға, мақсат-мұратқа, бағыт-бағдарға, идея мен идеологияға айналатын сөздер дәл осы кездiң өзiнде де, болашақта да өзiнiң құндылығын мән-мағынасын жоғалтпайтын қасиеттен өрген тұжырым негiзi. Оған қасиеттi Құранның 49-Хұжрат сүресi, 13-аятындағы "О, люди! Мы сотворили вас от (пары) мужа и жены. И создали из вас (семейные) роды и (разные) народы (ұлт деп түсiнiңiздер– А.Ә.) , Чтобы вы могли друг друга знать" (Порохова аудармасы – А.Ә.) дегендi қоссақ, онда мәселе, тiптi күрделене түседi. Ендеше, бiз өзiмiздiң ұлт екенiмiздi Алла жаратты, табиғи-тарихи құбылыс ретiнде қабылдап, оны болашаққа нық та ұялмай-қысылмай жеткiзуге тиiспiз.
Қазiргi адамның сана-сезiмiне әсер етiп жатқан рухани және материалдық құндылықтар аясындағы қарама-қайшылықтар тым күрделенiп кеттi. Материалдық құндылықтардың алға шығып, нарық қарым-қатынасындағы заңсыздық, ешбiр тәртiпке бағынбайтын адами аралас-құраластықтың материалдық құндылықтарға ден алдыруы рухани құндылықтарды екiншi планға ысырды. Ұлттық идеяның қалыптаспай, аш iшектей созылып, тек пiкiрлер қайшылығының негiзi болып қалуының да сыры сонда. Сонымен бiрге, мәселе әлi де болса бiр кездегi социалистiк жүйенiң балалық ауруынан арыла қоймағандардың да оның орындалуына кедергi болып жүргендiгiн елеп-ескерсек, сондай-ақ, бiр кездегi "халықтар достығының лабораториясы" атанған Қазақстан халқының ала-құлалығы, қолдан жасалынған қитұрқы саясаттың әртүрлi себеп-салдарларымен келiп қалған жұртшылықтың қазақты кiндiк – мемлекет құрушы ұлт ретiнде толыққанды мойындамауында болып отыр. Оған қазiргi әлемдегi жүрiп жатқан "өркениет пен мәдениеттер соғысының" да ықпалы аз тиiп отырған жоқ. Сондықтан да, "бiз кiмбiз, қайда, неге бара жатырмыз?" деген сұраққа жауап берiп, сол жолдағы мақсат-мұратымызды, бағыт-бағдарымызды, ұстанымдарымызды анықтап алуға бiрден-бiр негiз болатын – Ұлттық идея, Ұлтшылдық, Ұлттық мемлекет екендiгiн толыққанды және жақсы мән-мағынада түсiнгенде ғана iлгерi кеткен ел бола аламыз. Ресей мемлекетiн қазiргi дәрежеге жеткiзген "Москва – третий Рим", "Православия, Самодержавия, Народность", "За веру царя и отечество" деген ұғым-түсiнiктер болса, бiздi де болашақта қалыптастыратын ұғым-түсiнiктер "Ұлттық идея, Ұлтшылдық, Ұлттық мемлекет" деген сөздер болуы керек. Сонда ғана бiзге Р.Юсупов сияқтылар: "….У нас (Қазақстанды айтып отыр – А.Ә.) не один, а целых три народа, только они называются по другому – жузы. Правда, время от времени один "народ" "подкусывает" другой, чтобы особенно не высовывался, но ничего, мы к этому привыкли. Поэтому назвать нас единым народом как-то язык не поворачивается. В итоге вместо "народности" почему-то выходит "жузовщина" демес едi. Әрине, егер қазақтың "шөптiң басы жел тұрмаса қимылдамайды" деген қағидасына сенсек, пәленiң бәрi өзiмiзден де бар. Руымызды бiлiп қана қоймаймыз – рушыл боламыз, жүзiмiздi бiлiп қана қоймаймыз – жүзшiл боламыз. Сондықтан да, бiзге қарай Р.Юсупов сияқтылар еш қысылмай тас лақтырады. Бiз жалпыхалықтық ұғым-түсiнiкке айналып кеткен "разделяй и властвуй" деген қағиданы ұмытып кеткенбiз. Әйтпесе, әлдебiреулердiң аузынан шығып, көпшiлiкке тарап кеткен руды, жүздi былай қойғанда "батыс қазақтарының жалпы жиналысын өткiземiз" деудiң өзi сол ұлт тұтастығына зиянын тигiзетiн бiрден-бiр қыңыр-қисық iс-әрекет емес пе? Бұл да ойланып, толғанатын жағдай. Бiздiң руыңды бiл – рушыл болма, жүзiңдi бiл – жүзшiл болма дейтiнiмiз сондықтан.
Қазақстан – Еуразиялық кеңiстiкте орналасқан тәуелсiз де егемен мемлекет. Ол қазақтық-ұлттық негiзiн қалаған Керей-Жәнiбек кезiнде-ақ өзiндiк өркениет пен мәдениеттi қалыптастырған мемлекет ретiнде алысты қайдам, оң-солымыздағы Ресей мен Қытайға танымал болатын. Олар оның iшкi-сыртқы саясатымен таныс болып қана қоймай, оған үнемi қоқан-лоқы жасап, кiлең қырына алып келген. Әлi де солай, бiрақ, қазiргi саясаттары су асты ағыстарындай құпияға толы құбылыс. Сондықтан да, ұлттық идея, ұлтшылдық, ұлттық мемлекет ұлтты тұтастыратын (Қазақстанда тұратын жалпы халықты да – А.Ә.) тетiк қана болып қоймай, оны революциялық емес, эволюциялық жолмен iлгерi дамытып, жайынқұлықты жұтып қоятын ғаламдастыру атты аждаһадан сақтап қалатын күш те болуы тиiс. Мұндағы басты мiндет – сырттан келетiн Рухани және Материалдық құндылықтарды сараптап-саралап, елеп-екшей алумен бiрге, өзiмiздегi қансiңдi Рухани және Материалдық құндылықтарды сыртқа шығаруда да өзiндiк кескiн-келбет, мазмұн-мән, сапалық-сандық қалыптарды арттырмасақ, кемiтпеуiмiз керек. Яғни бұл iшкi-сыртқы саясатта да, экономикалық-мәдениеттiк, қоғамдық тыныс-тiршiлiкте де өздерiмiздi өзгелермен ашық бәсекелестiкке түсе алатын мемлекет болып қалыптастыруымыз керек деген сөз. Бiр кезде Мұстафа Шоқай: "Бiз бұрын патшалық Ресей, қазiр Кеңестiк Ресей деп аталған зынданның темiр торларын аралап жатырмыз", – десе, ендi бiз "Шын мағынасындағы Мәңгілік ел болатындығымызды дәлелдеп қана қоймаймыз, сонымен бiрге, iргелi, ұйымшылдығы мен бiрлiгi жарасқан ұлт бола аламыз" деген мақсат-мұратпен, бағыт-бағдармен, ұстаныммен ғаламдастыру атты дәуiрге кiретiн мемлекет екенiмiздi iшкi-сыртқы саясатымызбен дәлелдеуiмiз керек. Қазiр одан басқа таңдау жоқ. Бiзге Алла патшалық Ресейдi күйретiп, КСРО-ны таратып, ендi iргелi ел-жұрт болатын мүмкiндiк берсе, мұнан кейiн ондай мүмкiндiктi бермеуi бек мүмкiн. Сондықтан осынау Тәуелсiздiк пен Егемендiгiмiздi қолдан шығарып алмауға тиiспiз. "Руыңмен у iшпе, қазақ!".