Украин әскерлері Донецк облысының Амвросиев ауданындағы Зеркальное елді мекенінің маңында Ресей Қарулы күштері Әуе-десант әскері 98-ші Свирь дивизиясының 331-полкы құрамындағы он әскери қызметшіні тұтқынға алды. Бұл туралы хабарлама 25 тамыз күні Украина Қауіпсіздік қызметінің сайтында пайда болды.
Украин әскерлері Донецк облысының Амвросиев ауданындағы Зеркальное елді мекенінің маңында Ресей Қарулы күштері Әуе-десант әскері 98-ші Свирь дивизиясының 331-полкы құрамындағы он әскери қызметшіні тұтқынға алды. Бұл туралы хабарлама 25 тамыз күні Украина Қауіпсіздік қызметінің сайтында пайда болды.
"Ресейлік әскери қызметшілер жеке құжаттарымен және қару-жарағымен ұсталды. Олар 23 тамызда десантшылар батальонының Ресейдің Ростов облысының теміржол көлігімен көшірілгенін және 24 тамыз күні сағат 03.00-де бөлімшенің дабыл бойынша тұрғызылып, десанттың әскери машиналарымен колонна құрамында марш жасауға бұйрық алғанын мойындады", - делінген хабарламада.
"Офицерлік құрамға ғана ресейлік техниканың Украина аумағына кіретіні хабарланған", - дейді УҚҚ -нің баспасөз қызметі.
Ресей мемлекеті қарулы азаматтарының шекарадан заңсыз өту дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. УНИАН агенттігінің мәліметінше, ресейлік әскерилер мемлекеттік шекарадан 20 шақырым жерден ұсталған. "Топ құрамына артиллериялық дивизион, барлау ротасы мен 350-400 адамнан тұратын қамтамасыз ету бөлімшесі, 30-ға жуық әскери машина, 18 "Нона" артиллериялық қондырғысы және тағы 60 автокөлік кіреді. Ұсталғандар Ресейің айырма белгілері жоқ әскери формасын киген. Техникаларындағы тану белгілері жасыл түске боялған", - делінген агенттік келтірген Украина қорғаныс министрлігінің ақпаратында.
Ведомствоның мәліметінше, 24 тамызға қараған түні Ресей әскерилері шекараны кесіп өтіп, Иловайскіге қарай жүрген. "Оқ өткізбейтін екі машина топтан қалып қойған, олардың бірі жойылды. Взвод командирі - аға лейтенат Михаил Миленко оқиға орнынан қарамағындағыларды тастап, қашып кетті, қалған әскерилер өз тобына қосылуға тырысқанымен, қоршауда қалып қойып, Антитеррорлық операция (АТО) күштеріне ұрыссыз берілді. Іс жүргізу үшін ұсталғандар АТО күштері штабына жеткізілді", - деп хабарлайды Украина қорғаныс министрлігі.
УНИАН тұтқынға алынған ресейлік десантшылардың фотосуреттері мен аты-жөндерін жария етті:
Архипов Сергей Александрович
Горяшин Андрей Валерьевич
Мельчаков Иван Васильевич
Почтоев Егор Валерьевич
Генералов Алексей Николаевич
Савастеев Владимир Вячеславович
Романцев Иван Игоревич
Смирнов Сергей Алексеевич
Митрофанов Артем Васильевич
Украина қорғаныс министрі Валерий Гелетей ресейліктерден тұтқынға түскендер арасында туыстарының бар-жоғын тексеруді сұрады. "Бүгін Украина Қарулы күштері көптеген ресейлік әскериді тұтқынға алды. Ресми мәлімет бойынша олар Ресей Федерациясының әр түкпірінде оқу-жаттығуда жүр делінеді. Шындығында - Украинаға қарсы әскери агрессияға қатысып жатыр. Туыстары олармен байланыс жасай алмай, олардың қайда жүргендерін біле алмай отыр. Террористер қайтыс болғандардың денесін құрылыс техникаларымен көміп тастап, молаларына ешқандай белгі қалдырмайды. Мен ресейлік әскерилердің туыстарына өтініш жасаймын. Туыстарыңыздың қайда жүргенін дереу біліңіздер. Оларды Украинадан алып кетіңіздер, олар мұнда сіздің туыстарыңыз бен сіздің елдің тағдырына бас ауыртпайтын Кремль шенеуніктерінің жеке мүдделері үшін өлуге мәжбүр", - деп жазды Гелетей өзінің Facebook-тегі парағында.
Украинаның ішкі істер және қорғаныс саласы шенеуніктері ресейлік әскерилердің тұтқынға түскенін әлеуметтік желілерде бұған дейін де хабарлаған болатын. Ресей тарапы бұл ақпараттарды түгел жоққа шығарды. РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров батыс ақпарат құралдары таратқан хабарларды ақпараттық соғыстың көрінісі деп қарастыратынын мәлімдеді. "Ағылшынның екі басылымы өз қызметкерлерінің ресейлік әскерилердің шекарадан өтуіне куә болғанын жазды. Бірақ бұл мәліметтердің растығына қатысты ешқандай дәлел ұсынылмады. Тіпті, АҚШ-тың Мемлекеттік департаментінің өзі бұл оқиға туралы ақпаратты растай алмады. Өкінішке қарай, ақпарат құралдары өсек таратып, бұрыс, тіпті, көпе-көрінеу жалған мәліметтерді жариялап жатыр", - деді Лавров.
Ал Ресейдегі ақпарат құралдары Украинадағы халық жасақтарының қарсыластарын ығыстырып, табысқа жетіп жатқанын хабарлайды. LifeNews-тің мәліметінше, Украина ұлттық гвардиясының бөлімшелері Донецк облысының оңтүстігіндегі Мариуполь қаласын асығыс тастап кетуге мәжбүр болды. Халық жасақтарына қарсы қорғаныс ұйымдастыруды ойлаған күш құрылымдары Запорожье облысының Мангуш қаласына қарай ауысқан. Донецк халықтық республикасы штабының мәліметінше, 25 тамыз күні халық жасақтары қарсыластың үш тобын қоршауға алды. Степановка, Авросиевка, Степано-Крынка елді мекендерінде украин әскерилерінің 40-тан астам танкісі, 100-ге жуық әскери машина, "Град", "Ураган" зеңбіректері реактивті жүйелерінің 50-ге жуық қондырғысы, дала артиллериясының 60-тан астам қаруы және 7000-ға жуық сарбазы қоршауда қалды.