Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы саласының негізгі көрсеткіштері жоспарлы түрде орындалып жатыр. Жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 51,8 млрд теңгеге жетіп, жыл бойы өндіріс көлемінің тұрақты өсуі қамтамасыз етілді.
Шымкент әкімдігі мәліметінше, есепті кезеңде 23 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, нәтижесінде 82 мың тонна өнім жиналған. Оның ішінде дәнді дақылдар 7,0 мың гектарды, майлы дақылдар 3,3 мың гектарды, көкөніс-бақша дақылдары 1,8 мың гектарды, ал мал азығы дақылдары 10,9 мың гектарды құрады.

2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша ірі қара мал саны 96,3 мың басқа, уақ мал 97,9 мың басқа, жылқы 21,2 мың басқа, құс басы 1 207,1 мың басқа жетті. Қала әкімдігі ағымдағы кезеңде 6,6 мың тонна ет, 64,8 мың тонна сүт және 219,3 млн дана жұмыртқа өндіріліп, қала тұрғындарын негізгі азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету деңгейі сақталғанын айтты.
Алдағы кезеңде ауыл шаруашылығы саласын одан әрі дамыту, өндіріс көлемін ұлғайту және агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. Бұл өз кезегінде қала экономикасының нығаюына және тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатының жақсаруына оң әсерін тигізеді.