Жамбыл өңірінде жоғары көрсеткіш көп

ПОДЕЛИТЬСЯ

 

Болат Ақшолақов өңірге келмес бұрын Үкімет отырысында елдегі электр желілерінің орташа тозуы шамамен 66 пайызды құрайтынын жеткізіп, электр қуатының шекті тарифін инфляция деңгейінде индекстеуді ұсынған болатын.

Осыған байланысты министрлік жергілікті атқарушы органдарға шұғыл жүйелік шараларды қабылдауды тапсырған еді. Ал өткен аптаның демалыс күні министр өңірге арнайы іссапармен келіп, әуелі «Таразэнергоорталық» АҚ- ның жұмысымен жан-жақты танысып шықты. Ескірген құрылғыларды көріп, жалпы, орталықтың жұмысына қанағаттанарлық деген бағасын берді.

Дегенмен істің қарқынын бәсеңдетпей, осы жылыту маусымы аяқталған бойда жүйелердің жұмысын жандандыруды қолға алуды тапсырды. Мұнан соң министр Жамбыл облысындағы электр энергиясының негізгі көзі – «Т.И. Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС-і» АҚ жұмысымен танысып шығып, жабдықтарының 82,3 пайызының ескіргенін атап өтті. Мұнда да жауаптыларға жұмысты жүйелеуге қатысты бірқатар тапсырмалар берді.

Мұнан соң Болат Ақшолақов М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде аймақ тұрғындарымен жүздесті.

Жиында министр әуелі алда тұрған жоспарлар мен атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.
«2022 жылдың 11 айында өңірде электр энергиясын өндіру көлемі 4,2 миллиард киловатт сағатты құрады. Бұл ретте облыстың тұтыну көрсеткіші 4,5 миллиард киловатт сағат», деді министр облыс тұрғындарымен кездесуінде сөйлеген сөзінде.

Сондай-ақ министрдің айтуынша, өңірдегі негізгі жылу көзі – «Таразэнергоорталық» АҚ-ның
(ЖЭО-4) белгіленген жылу қуаты 685 Гкал, жабдықтың физикалық тозуы 92 пайыз. Оған қоса облыстағы өңірлік энергия беруші компания – «Жамбыл электр желілері» ЖШС активтерінде 13,4 мың шақырым кабельдік және әуе электр беру желілері, 2,8 мыңға жуық кіші стансасы бар.

Желілердің тозуы 68,2 пайызды құрайды. Жоғары тозуды төмендету мақсатында «Инвестицияларға айырбастау тарифі» бағдарламасы қабылданбақ және ол энергия және жылу өндіруші ұйымдардың қолданыстағы активтерін реконструкциялауға, жаңғыртуға, кеңейтуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар «Жылу энергетикасы туралы» Заң қабылданады деп күтілуде. Ол өңірлерді жылумен жабдықтау мәселелерін шешуге назар аударуға мүмкіндік береді. Заң аясында электр энергиясын орталықтандырылған сатып алу мен сатуды, сондай-ақ нақты уақыт режимінде теңгерімдеуші нарықты енгізуді көздейтін нарықтың жаңа нысаналы моделіне көшу көзделген.

Бұл шаралар энергия жүйесіндегі теңгерімсіздіктерді азайтуға және жаңа энергия көздерінен жоғары тарифтердің әсерін теңестіруге мүмкіндік береді.

Өз сөзінде Болат Ақшолақов Жамбыл облысы жаңартылатын энергия көздерінің қуаты бойынша республикада көшбасшы орында тұрғанын атап өтті.

Өңірде жалпы қуаты 442 МВт болатын 20 жаңартылатын энергия көздерінің объектісі, оның ішінде қуаты 251 МВт-тан асатын 6 күн электр стансасы, қуаты 176 МВт 9 жел электр стансасы және қуаты 15 МВт 5 гидроэлектростанса жұмыс істейді.

Бұдан басқа, 2025 жылға дейін жиынтық қуаты 133,8 МВт жаңартылатын энергия көздерінің 3 объектісін іске қосу жоспарланған. Және дизель отынының лимиттелген көлемін босату бойынша бақылау енгізіледі.

"Қазақстан аумағынан бензин, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автомобиль көлігімен әкетуге тыйым салу жөнінде бірлескен шешім шығарылды. Автожанар-жағармай стансаларында сараланған бағалар енгізілді. Дизель отынының лимиттелген көлемін босату бойынша бақылауды іске асыру мақсатында толықтырулар жасалады", – деді Болат Оралұлы.

Тұрғындар да кездесу барысында министрге көкейдегі сауалдарын жолдады. Солардың бірі – Жеңісбек Сабрайым өңірге инвестиция тартып, «H2 Green Energy» жасыл сутегі тауарын өндіру зауытын салуға ниетті екенін жеткізді. Бұл жоба үшін облыс әкімдігі Байзақ ауданынан 300 гектар жер беретіні туралы келісімін берген. Ал аталған жобаны жандандыру үшін Үкіметтің арнайы қаулысы қажет. Бірақ әзірге оған қол жеткізу мүмкін болмай тұр екен. Министр барлық сауалдарды мұқият тыңдап, тиісті жауаптар берді.
Кездесуден кейін министр азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдады.

Министр артынша Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында журналистермен кездесіп, бірқатар сұрақтарға жауап берді.

"2022 жылғы шілдеде министрліктің бұйрығымен АИ-80, АИ-92-93, сондай-ақ дизель отынын бөлшек саудада өткізуге арналған шекті бағаларды мемлекеттік реттеу сақталды. АИ-95-ке баға бәсекелестік ортаға беріледі және оны нарық анықтайды. Өйткені АИ-95 және одан жоғары өнімді өндірген кезде қымбат импорттық қоспалар мен жоғары октанды компоненттердің үлкен шығыны қажет, олардың бағасы мұнай бағасымен және айырбас бағамымен байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жанар-жағармай материалдары нарығын реформалау жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде мұнай өнімдерін өндіру және тарату саласында ашықтық пен транспаренттілікті қамтамасыз ету, сараланған бағаларды әзірлеу арқылы дизель отынының жетіспеушілігін болдырмау жөнінде шаралар қабылдануда. Сондай- ақ мұнай өнімдерін автокөлікпен әкетуге тыйым салуды 2022 жылдың соңына дейін ұзарту жөнінде бұйрық қабылданды және қазіргі уақытта мұнай өнімдеріне тыйым салуды 2023 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін ұзарту бойынша жұмыс жүргізуде", – деді министр.

Сонымен қатар Энергетика министрі Жамбыл облысының газдандыру деңгейі республика бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі екенін және 94,45 пайызды немесе 1 миллион 86 мың адам табиғи газға қол жеткізе алатынын да айтты.

"2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру шеңберінде 003 бюджеттік бағдарламасы бойынша Жамбыл облысының әкімдігі үшін 10 жобаны іске асыруға 8,4 миллиард теңге мөлшерінде қаражат көзделген.  Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде алдағы уақытта 130 мыңға жуық адам табиғи газға қосымша қол жеткізе алады. Тауарлық газдың көтерме сауда бағасын мемлекеттік реттеуді Энергетика министрлігі, бөлшек сауда бағасын – Ұлттық экономика министрлігі жүзеге асырады. Энергетика министрлігі бекітетін тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағалары газдың өзіндік құнынан және газды тасымалдауға жұмсалатын шығындардан құралады", – деді министр Болат Ақшолақов. 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Валюта бағамы

 512.52   544.72   4.79 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети